Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Астана халықаралық қаржы орталығында жаңа компания тіркеді. Enzo Ltd деп аталатын фирма 2026 жылғы 11 қыркүйекте құрылған, деп хабарлайды kznews.kz.
АХҚО тізіліміндегі мәліметке сәйкес, компанияның жалғыз құрылтайшысы әрі басшысы – Серік Сәпиевтің өзі.
Enzo Ltd басқа компаниялардың үлесіне иелік ете алады. Компанияның бастапқы капиталы 300 мың теңге. Ол әрқайсысы 3 мың теңгеден бағаланған 100 акцияға бөлінген.
Олимпиада чемпионынан мемлекеттік қызметке дейін
Серік Сәпиев – 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, әлемнің екі дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ ол Олимпиададағы ең үздік техника көрсеткен боксшыға табысталатын Вэл Баркер кубогын иеленген.
Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Сәпиев мемлекеттік қызметке ауысты. 2017–2019 жылдары Мәжіліс депутаты болды, кейін Спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарды.
2024 жылғы қарашада Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. 2025 жылғы сәуірден Ұлттық сурдлимпиада комитетінің президенті қызметін атқарды.
2026 жылғы ақпанда Серік Сәпиев Қарағанды облысындағы қызметінен кетті. Кейін Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі әрі ХХ жазғы Азия ойындарына дайындық штабының спорт бағыты бойынша үйлестірушісі ретінде жұмысын жалғастырды.
Ашық деректерге сәйкес, Серік Сәпиев Sport Asset Management, “Жас Сарбаз”, Алматы облысының кәсіпқой бокс федерациясы, Қазақстан кабадди федерациясы және Astana Arlans Promotion секілді бірқатар ұйыммен де байланысты.
Еске салайық, 2026 жылдың қаңтарында әлеуметтік желіде Сәпиев пен Есімханов арасындағы жанжалдың видеосы тараған еді. Оқиғадан кейін ведомствода тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде екі тарап та қызметінен босатылды. Кейінірек Серік Сәпиевтің туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі қызметіне тағайындалғаны белгілі болды.