Әлем елдері бойынша білім саласына жұмсалатын қаржы мемлекеттердің ұзақ мерзімді даму стратегиясын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің біріне айналып отыр.
Өйткені, қазіргі экономикалық дамуда басты артықшылық табиғи ресурс емес, білімді, білікті және жаңа технологияны меңгерген адам капиталы басты орынға шықты.
Әлбетте, бұл қымбатқа түсетін үрдіс. Дегенмен, білімге салынған инвестиция - қайырлы қаржы деген ұстаным өзін өзі ақтайтыны анық. Бұл тұрғыда еліміздің оқу-ағарту саласы мен білім-ғылымды дамытуға бөліп отырған қаржысы қомақты.
Дүниежүзілік банк, UNESCO және ұлттық статистика органдарының деректеріне сәйкес, Қазақстан білім беруге жалпы ішкі өнімнің 4,9 пайызын бағыттайды екен. Бұл көрсеткіш Қытайдан 3,9 пайыз, Жапониядан 3,3 пайыз, Польшадан 4,3 пайыз, Испаниядан 4,6 пайыз және Ресейден 4,2 пайыз жоғары тұр. Дүниежүзілік есеп бойынша еліміз осы көрсеткіш бойынша Чилимен бір деңгейде, ал Канададан сәл жоғары тұрған көрінеді.
Деректерге сүйенсек, халықаралық тәжірибеде білімге жалпы ішкі өнімнің ең жоғары үлесін бөлетін елдердің қатарында Намибия - 9,1 пайыз, Алжир - 9,0 пайыз, Куба - 8,4 пайыз және Боливия - 7,5 пайыз үлеспен кіріп отыр. Өкінішке қарай, бұл елдердің әлемнің экономикалық мен ғылыми дамуына қосқан үлесі де шамалы екен. Ал оқу үрдісі жөнінен әлемге үлгі болып отырған Финляндияда ғана білім саласын қаржыландыру 6,4 пайыз шамасында болып отыр.
Яғни, білімге бөлінетін қаржы үлесінің көп болуы әрдайым білім сапасының жоғары екенін білдірмейді деп пайымдауға болады. Кейбір елдерде бұл көрсеткіш экономика көлемінің шағын болуына байланысты жоғары көрінуі мүмкін. Ал дамыған мемлекеттер ЖІӨ-дегі үлесі салыстырмалы түрде төмен болғанымен, нақты көлемде әлдеқайда көп қаржы жұмсайды. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция және Оңтүстік Корея сияқты елдер білім беру жүйесін тек бюджет есебінен емес, бизнес, университеттер және ғылыми орталықтардың инвестицияларымен байланыстырады. Нәтижесінде бұл мемлекеттер ғылым, инновация және жоғары технология салаларында көш бастап келеді.
Елге оралайық.2025 жылы республикалық бюджеттен білім беру саласына 1 триллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 116 млрд теңгеге көп. Бірақ, бұл сома тек мектептерге емес, бүкіл білім беру жүйесіне, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие, орта білім, колледждер, жоғары білім, шәкіртақы және басқа бағыттарға бөлінеді.
Жалпы, Қазақстандағы білім беру саласы миллиондаған азаматты қамтитын ең ірі әлеуметтік бағыттардың бірі екені белгілі. Дерекке қарасақ, 2025–2026 оқу жылында ел мектептерінде 3,9 миллионнан астам оқушы білім алған. Мектеп жүйесінде 420 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Биыл 215 мыңнан астам түлек 11-сыныпты аяқтады. Бұл көрсеткіштер Қазақстандағы мектеп инфрақұрылымының ауқымын көрсетеді. Соңғы жылдары мемлекет жаңа мектептер салуға, үш ауысымды және апатты білім ошақтарын азайтуға, ауыл мектептерінің жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда.
Яғни, еліміздің орта білім жүйесі білім беру бюджетінің негізгі бөлігін алады. Себебі мектеп бүкіл қоғамның болашағын қалыптастыратын ең ірі буын. Мұнда мұғалімдердің жалақысы, оқулықтар, білім беру технологиялары, мектеп құрылысы және материалдық базаға кететін шығындар қамтылады.
Ал елдегі жоғары білім беру саласы экономиканың кадрлық негізін қалап отырғаны анық. Дерекке сүйенсек, еліміздің жоғары оқу орындарында 678 мыңнан астам студент білім алуда. Бір оқу жылында университеттерге 200 мыңнан астам талапкер қабылданады, ал жыл сайын 150 мыңнан астам жас маман жоғары оқу орындарын тәмамдайды.
Жоғары білім саласы мемлекеттік гранттар, шәкіртақылар және ғылыми жобаларды қаржыландыру арқылы қолдау табуда.
Тоқетерін айтқанда, Қазақстан білім саласына қомақты қаржы бағыттап келеді. Алайда, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, білімге жұмсалған қаражаттың көлемі емес, оның тиімділігі шешуші рөл атқарады.Егер білімге салынған инвестиция еңбек өнімділігін арттырмаса, жаңа технологиялық салаларға маман дайындамаса және ғылыми жаңалықтарға жол ашпаса, оның экономикалық әсері шектеулі болады. Дәл осы сыннан Қазақстанның білім беру саласы да ада емес. Яғни, білімге жалпы ішкі өнімнің 4,9 пайызын жұмсайтын елде оқу-ағарту сапасы неге төмен?
Қорыта айтқанда, мемлекет әлемдік экономика мен ғылым бәсекесіндегі өз орынын алатын кезеңде Қазақстан әлі де білім сапасын арттыру, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру, ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты азайту, ғылымды дамыту және жоғары оқу орындарын экономиканың нақты секторымен тығыз байланыстыру сияқты жұмыстарға көңіл бөлуден аса алмай отырғаны жасырын емес.
Әрине, бұл жерде білімге бөлінген әрбір теңгені жай ғана әлеуметтік шығын ретінде қарастыруға болмайды. Бұл қаржы елдің экономикалық қуатына, технологиялық дамуына және жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне салынған стратегиялық инвестиция екені даусыз. Бірақ, ол қисапсыз қаржы нәтижесіз реформалар мен сыбайлас жемқорлықтың өзегіне айналмауға тиіс...