Белгілі журналист Гүлжан Ерғалиева жуырда өмірден өткен халық жазушысы Мұхтар Шахановпен байланысты естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналист әлеуметтік желідегі жазбасында 1980-жылдары Қазақ телевизиясында қызмет еткен кезеңін еске алған. Оның айтуынша, сол уақытта Республика сарайында бүкілодақтық телевизияға арналған Мұхтар Шахановтың шығармашылық кешін орыс тілінде өткізу тапсырылған. Шараға ақынның жақын досы, атақты орыс ақыны Евгений Евтушенко де қатысуы тиіс болған.
Ерғалиеваның сөзінше, бұл тапсырма ұжым үшін күтпеген жағдай болған. Себебі Мұхтар Шаханов орыс тілінде еркін сөйлемейтін еді. Соған қарамастан қысқа уақыт ішінде бағдарлама әзірленіп, ақынға мәтіндер жаттатылып, көрермен сұрақтары алдын ала дайындалған.
"Біз оны арнайы жаттықтырдық. Ол сөздердің екпінін дұрыс қоюға, сөйлемдерді толық жеткізуге бар күшін салды. Жады өте мықты еді, көп мәтінді тез меңгеріп алды", – деп жазды журналист.
Шығармашылық кеш барысында да қызықты жайттар болған. Ерғалиеваның айтуынша, кеш ортасында Евгений Евтушенко шаршап, сахнада ұйықтап кеткен. Тікелей эфирдің жауапкершілігін сезінген ол ақынды оятып, сахнаға шығаруға мәжбүр болған. Кейін Евтушенко сахнаға шығып, көрерменді ерекше әсерге бөлеген.
Журналист ақынның шығармашылық кеші жоғары деңгейде өткенін, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін шабытпен оқып, көрерменмен еркін тілдескенін атап өтті.
Сонымен қатар Ерғалиева ақынмен кейінгі жылдары саясат алаңында да кездескенін еске алды. Ол Мұхтар Шахановтың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты КСРО Жоғарғы Кеңесінде сөйлеген тарихи сөзін ерекше атап өтті.
Жазба соңында журналист ақынның әлеуеті мен азаматтық ұстанымы әлі талай шындықтың ашылуына ықпал етер еді деген өкінішін білдіріп, оның есімі халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.