Мағжан мен Еңлікті қарсы алу рәсімі өзгеше қойылымға ұқсас болған. Жас жұбайлардың құрметіне қыздар мен жігіттер «Жар-жар» әнін екі топқа бөлініп, ерекше нақышта орындаған. Бұл көрініс қонақтарға опера театрындағы қойылымды еске салған.
Той бағдарламасында қазақтың ұлттық ойындарына да орын берілген. Қонақтар қол күрес пен «Қыз қуу» сайыстарын тамашалаған. Ал меймандарға ұлттық тағамдардың бірі – қазы таратылған.
Мерекелік кештің музыкалық бағдарламасын дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев бастаған өнер өкілдері жалғастырған.
Тойдан тараған бейнежазбалар желі қолданушыларының назарын аударып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Пікір қалдырғандардың бірі «Жар-жардың» өзгеше орындалғанына сүйсінген.
«Керемет! Кеудеңді мақтаныш кернейді. Қыздар өздеріне тән жіңішке дауыспен ерекше жар-жар айтты. Ер азаматтардың жар-жары тіптен керемет. Бәрі қосылып шуылдап айтқанша, мынау өте ерекше!» – деп жазды желі қолданушысы.