Актриса Ләйлә Бекназар өткен жылдары М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қойылуы жоспарланған «Қаралы сұлу» спектакліне байланысты туындаған пікір қайшылығы туралы айтып берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесінің айтуынша, оқиға режиссер Болат Атабаевтың аталған қойылымды М.Әуезов театрында сахналау жөніндегі бастамасы кезінде болған. Сол уақытта спектакльдегі басты кейіпкер Қарагөздің рөлін кім сомдайтыны жөнінде келіспеушілік туындаған.
Ләйлә Бекназардың сөзінше, Болат Атабаев Қарагөздің бейнесін өзі сомдайтынын айтқан. Алайда актер Тұңғышбай Жаманқұлов бұл шешіммен келіспей, рөлді жұбайы Дария Жүсіпке беруді талап еткен.
«Режиссер Болат Атабаев "Қаралы сұлуды" Әуезов театрында қоятынын айтты. Сол кезде Тұңғышбай Жаманқұлов Қарагөздің рөлін кім ойнайтынын сұрады. Болат ағамыз "Ләйлә ойнайды" дегенде, Тұңғышбай аға: "Қарагөздің рөлін әйелім Дария ойнамаса, бұл спектакль театрда қойылмайды" деді. Ал Болат Атабаев: "Егер Ләйлә ойнамаса, мен бұл спектакльді Әуезов театрында қоймаймын" деп шешім қабылдап, кейін қойылымды Ғабит Мүсірепов атындағы театр сахнасына шығарды», – деді актриса.
Ләйлә Бекназардың бұл естелігі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының бір бөлігі театрдағы шығармашылық шешімдер кәсіби қағидаттарға негізделуі тиіс екенін айтса, енді бірі бұл оқиғаға қатысты түрлі пікір білдіруде.
Айта кетейік, әзірге Тұңғышбай Жаманқұлов аталған мәлімдемеге қатысты пікір білдірген жоқ. Сондықтан бұл оқиға Ләйлә Бекназардың сұхбатында айтылған деректерге негізделген.