Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровты қабылдады. Қабылдауда соңғы жылдары мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтып, жеке сектордың мүмкіндігін кеңейтуге басымдық беру бағытындағы тапсырмалардың орындалуы талқыланды.
Президентке берілген есептің мәліметтеріне қарағанда, 2026–2030 жылдарға арналған жаңа жоспар бойынша квазимемлекеттік сектордағы бірқатар активтер бәсекелі ортаға шығарылмақ. Жекешелендіруге ұсынылған активтердің жиынтық кірісі 3,4 триллион теңгені құрайды. Бұл мемлекеттің экономикадағы қатысуын қысқартуға бағытталған ауқымды қадамдардың бірі болып отыр.
Мұнан бөлек, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі өзгерістер де назар аудартады. Бір көзден сатып алу үлесі 39 пайыздан 24 пайызға дейін төмендеген. Соның нәтижесінде бәсекелі сатып алу көлемі 6,2 триллион теңгеден 8,1 триллион теңгеге дейін өскен.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай өзгеріс бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және кәсіпкерлер үшін тең мүмкіндіктердің артуына ықпал етеді екен.
Алайда, Қазақстан экономикасында монополияланған нарықтардың үлесі әлі де жоғары. Сондықтан Бәсекелестікті қорғау агенттігі өнімсіз делдалдарды азайту, бизнестің нарыққа кіру кедергілерін жою және цифрлық экономиканы реттеудің жаңа тетіктерін енгізу жұмыстарын жалғастыруда.
Қазіргі таңда бәсекелестік туралы заңнамаға түзетулердің алтыншы пакеті әзірленіп жатыр екен. Онда монополияға қарсы бақылауды күшейту, мемлекеттік сектордың үлесін одан әрі қысқарту және бәсекелестік саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған жеті жүйелі бастама қамтылған.
Жалпы, жарияланған көрсеткіштер саяси-экономикалық реформалардың белгілі бір нәтиже бере бастағанын аңғартады.