Жамбыл облысында Өзбекстан азаматының өз-өзіне қол жұмсауына байланысты полиция өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін сегіз айлық сәбиінің анасы қайтыс болғаны хабарланған еді. Марқұм өлімінен аз уақыт бұрын құрбысына жолдаған хабарламасында күйеуімен жанжалдасып қалғанын айтып, ер адамның өзіне қол көтергенін жазған. Оның сөзінше, жанжал «Барни» батончигіне қатысты болған.
Әйелдің жұмбақ жағдайда қайтыс болуына байланысты жаңа мәліметтер жария болды. Марқұмның жақындары оқиғаға қатысты адвокат Ләззат Рақышеваның көмегіне жүгінген.
Туыстарының айтуынша, әйел қайтыс болардан аз уақыт бұрын құрбысына хабарлама жазған. Хатта ол күйеуімен арада жанжал болғанын айтып, өзіне күш қолданылғанын жеткізген.
Марқұмның хабарламасында күйеуінің оны «бір шоколад үшін» ұрғаны жазылған. Бұл мәлімет әйелдің өліміне қатысты күмән мен сұрақтардың туындауына себеп болып отыр.
Полиция қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Құзырлы органның мәліметінше, тергеу аясында қажетті процессуалдық және жедел-тергеу шаралары жүргізілуде.
«Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Ведомство тергеу барысына қатысты өзге ақпаратты Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуден бас тартты.