KZNews.kz
Жаңалықтар

"Бәрі кетті... "Қыз Жібектен" тек Меруерт Өтекешева ғана қалды" – Асанәлі Әшімовтің әсерлі әңгімесі

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

Қазақ кино өнерінің аңыз тұлғасы Асанәлі Әшімов әйгілі "Қыз Жібек" фильміндегі басты кейіпкерлер – Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешева арасындағы шынайы сезімнің қалай басталғанын еске алды, деп хабарлайды kznews.kz.

Актердің айтуынша, оқиға 1968 жылы, фильмге дайындық кезеңінде басталған. Ол кезде Құман мен Меруерт мектепті енді ғана тәмамдап, жастары шамамен 16-17-де болған.

"1968 жыл. Айтты ғой, мектеп бітірген жоқ әлі. 10 сыныпты бітіріп, 16-дан 17 жасқа шығатын кезі ғой. Біз фильмге дайындықты ипподромда бастадық. Барлығымыз сонда болдық, Ғабит Мүсіреповтің өзі келді. Жап-жас жігітпіз ғой ол кезде, Меруертті алғаш көргенде бәріміз де көз салдық. Сөйтсек, екеуміз қыз алыспайтын бір рудан екенбіз. Сосын біз Әнуар (Әнуар Молдабекова – ред.) екеуміз Құманға (Құман Тастанбеков – ред.) көмектестік қой. Бірақ бастапқыда Меруерт аса ұнатпай жүрді. Сосын жайлап жақындасты, танысты, тілдесті. Ақырында "Қыз Жібектің" бітер кезінде екеуін үйлендіріп, той жасадық. Мен тамада болдым. Өкінішке қарай, қазір "Қыз Жібектен" тек Меруерт екеуміз ғана қалдық", – деді Асанәлі Әшімов.

1970 жылы Қазақфильм студиясында түсірілген "Қыз Жібек" – қазақ киносының алтын қорына енген классикалық туынды. Фильмнің режиссері – Сұлтанахмет Қожықов, сценарий авторы – Ғабит Мүсірепов. Картина қазақтың лиро-эпостық жырының желісімен екі бөлімде түсірілген.

Фильмде Төлеген мен Жібектің кіршіксіз махаббаты, Бекежанның ішкі тартысы, ел тағдыры, ерлік пен опасыздық секілді мәңгілік тақырыптар терең бейнеленеді. Музыкасын Нұрғиса Тілендиев жазған бұл шығарма көркемдік қуатымен де ерекшеленеді.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары