KZNEWS.KZ
Қаржы

Бәрекелді, БЖЗҚ: зейнетақы активтері 28,5 трлн теңгеге жетті

Фото: ашық дереккөздерден

Ұлттық банк жанындағы Сараптамалық-талдау клубының мәліметінше, 2021 жылы зейнетақы активтері 13,1 трлн теңге болса, 2022 жылы 14,6 трлн теңге, 2023 жылы 17,8 трлн теңге, 2024 жылы 22,7 трлн теңге, 2025 жылы 25,9 трлн теңге шамасында болған. Осылайша, соңғы бес жылға жуық уақытта қор активтері екі еседен астам межеге жетіп отыр. Жалпы, 2014 жылғы сәуірінен бері, яғни зейнетақы активтерінің БЖЗҚ-ға шоғырландыруынан бастап инвестициялық табыс көлемі 15,5 трлн теңгені құрады.

Талдау деректері бойынша осы жылдың қаңтар-қазан айларында қорға 3,2 трлн теңге зейнетақы жарнасы түскен. Ал осы кезеңдегі төлемдер көлемі 1,6 трлн теңгеге жеткен. Жалпы, 2014 жылдан бері қорға 20,8 трлн теңге жарна аударылып, 10,8 трлн теңге төлем жасалған.

Қордың инвестициялық портфелі теңгелік және валюталық құралдар арасында 60/40 қатынасымен бөлінген. Атап айтқанда, теңгелік активтер көлемі 17,1 трлн теңге болса, валюталық портфель 11,4 трлн теңгені құрайды.

Теңгеде сақталған портфельдің негізгі бөлігі Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына орналастырылған. Ал валюталық портфельде шетелдік эмитенттердің облигациялары, акциялар, өтімді құралдар және баламалы инвестициялар бар.

Сонымен қатар, 2014 жылғы сәуірден бергі жинақталған инвестициялық кіріс 214,1 пайызды құраған. Осы кезеңдегі инфляция деңгейі 209,5 пайыз болған. Демек, инвестициялық кіріс инфляциядан 4,6 пайыздық тармаққа жоғары болып отыр.

Ал сарапшылар зейнетақы активтерінің тиімділігін бағалауда тек номиналды табысты емес, инфляцияны ескергендегі нақты кірісті, инвестициялық тәуекелдерді және ұзақ мерзімді сатып алу қабілетін де назарға алу қажеттігін атап көрсетеді.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →