Премьер-министр Олжас Бектенов Балқаш қаласына жұмыс сапары барысында тау-кен металлургиясы саласындағы кәсіпорындардың жұмысымен, мыс қорыту өндірісін жаңғырту жоспарларымен және жаңа өнеркәсіп нысандарының жобаларымен танысты, деп хабарлайды kznews.kz.
Қарағанды облысы өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттырып келеді. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында өңірде 3,7 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім 4,7%-ды құрады. Облыс өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі бойынша Қазақстанда екінші орында тұр.
Қаратас кен орнында 150 мың тонна мыс қоры расталды
Премьер-министрге «Тау-Кен Самұрық» компаниясының Қаратас мыс кен орнындағы геологиялық барлау жұмыстары таныстырылды.
«Қазгеология» АҚ қазір еліміздің жеті облысында жалпы аумағы 55 мың шаршы шақырым болатын учаскелерде геологиялық барлау жүргізіп жатыр. Мұнда бұрғылау, жерүсті және аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізілуде.
Компанияның басқарма төрағасы Нариман Абсаметовтің айтуынша, өткен жылы «Тау-Кен Самұрық» үш лицензия алып, алтын, мыс және сирек кездесетін металдар бойынша геологиялық барлау жұмыстарын бастаған.
Қазірдің өзінде 8 тоннадан астам алтын және 150 мың тонна мыс қоры расталған.
«Қаратас» жобасында мыс құрамының орташа көрсеткіші 0,35%-дан 0,46%-ға дейін өскен. Қазір технологиялық сынама алу жүргізіліп жатыр. Одан кейін гидрогеологиялық және геотехникалық зерттеулер қолға алынбақ.
Геологиялық керндерді талдауда жасанды интеллект те қолданыла бастады. Қазір жүйе Жосабай кен орнында сынақтан өтіп жатыр. Оның дәлдігі әзірге 80%, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу жоспарланған.
Геологиялық барлауға $500 млн бөлінеді
Сапар қорытындысында Олжас Бектенов геологиялық саланы мемлекеттік қолдау айтарлықтай күшейгенін айтты.
Премьер-министрдің мәліметінше, мемлекеттік қаржыландыру көлемі 10 есеге артып, алдағы үш жылда шамамен 500 млн долларды құрайды.
Үкімет мемлекеттік органдарға аса маңызды минералдардың қорын арттыруға мүмкіндік беретін учаскелерге басымдық беруді, геологиялық деректерді цифрландыруды және инвесторлар тарту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ «Тау-Кен Самұрыққа» «Қаратас» пен «Жосабай» жобаларының тәжірибесін басқа перспективалы учаскелерге таратып, барлау нәтижесінде расталған қорларды мемлекеттік балансқа қою және оларды өнеркәсіптік игеруге уақтылы көшіру міндеті жүктелді.
Балқаш мыс зауыты жаңғыртылады
Олжас Бектенов «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс қорыту зауытының жұмысымен де танысты.
1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын Қазақстандағы катодты мыс өндірісінің шамамен 51%-ын қамтамасыз етеді. Зауыттың жобалық қуаты жылына 220 мың тонна катодты мыс, 1,1 млн тонна күкірт қышқылы, 10 тонна алтын және 400 тонна күміс өндіруге мүмкіндік береді.
Биыл «Қазақмыс» зауытты жаңғыртуға 21,8 млрд теңге бағыттап отыр.
Жоба аясында металлургиялық жабдықтарды күрделі жөндеу, өндірістік инфрақұрылымды жаңарту және технологиялық процестердің сенімділігін арттыру көзделген.
Қазір құны 5 млрд теңгеден асатын №1 Ванюков пешін жөндеу аяқталған. 2027 жылы құны 5,4 млрд теңгеден асатын №2 Ванюков пешін жөндеу жоспарланған.
Балқашта 750 млрд теңгеге жаңа мыс зауыты салынады
Сапар барысында Балқашта салынатын жаңа мыс қорыту зауытының жобасы да таныстырылды.
Жобаға 750 млрд теңге жеке инвестиция салынады. Кәсіпорын жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын және 1,5 млн тонна күкірт қышқылын өндіре алады.
Құрылысты 2027 жылы бастап, 2030 жылы зауытты іске қосу жоспарланған. Жоба аясында шамамен 1,2 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.
Кәсіпорын іске қосылған кезде қызметкерлердің 90%-ы қазақстандық мамандар болады деп жоспарланып отыр.
Жаңа зауытта заманауи балқыту агрегаттары, электролиз және бағалы металдар өндіретін цехтар, сондай-ақ шлактарды өңдейтін жеке учаске болады.
Жаңа технология мыс алуды 98%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазіргі Балқаш мыс қорыту зауытымен салыстырғанда шығарындылар көлемі жылына 60 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін азайтылады.
Премьер-министр мемлекеттік органдарға жобаны белгіленген мерзімде іске қосу үшін қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
Балқаштағы зертхана жылына 350 мың сынама өңдей алады
Сапар барысында «SGS Kazakhstan Ltd» халықаралық талдау зертханасының жұмысы да көрсетілді.
Зертхана геологиялық және технологиялық сынамаларды зерттеудің толық циклін жүргізе алады. Оның қуатын жылына 350 мың сынамаға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Бұл өңірдің жоғары дәлдіктегі химиялық талдауға деген қажеттілігін өтеуге және минералдық шикізат пен дайын өнім сапасын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.