KZNEWS.KZ
Шоу-бизнес

«Баласымен ажырасқан әкелер»: Олжас Абайдың бұрынғы әйелінің әні елді елең еткізді (ВИДЕО)

• Айгерім Асылова
Фото: ашық дереккөз

Актер Олжас Абайдың бұрынғы жұбайы Аймира Аманның орындауындағы жаңа ән әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Туындының мәтіні көпшіліктің назарын аударған, деп хабарлайды kznews.kz

Әннің таралуынан кейін туындыны Олжас Абай мен Дариға Бадықоваға қатысты деп қабылдағандар болған. Осыған байланысты өлең авторы, ақын Айдана Сегізбаева арнайы мәлімдеме жасап, әннің аталған адамдарға еш қатысы жоқ екенін түсіндірді.

«Бұл әннің Олжас Абайға да, Дариға Бадықоваға да қатысы жоқ! Өлең ретінде ертеректе жазылған. @aigerim_syrlybayeva парақшамнан көріп, әуенін жазып, орындауға @aiora_singer-ге ұсындық. Бұл ән өмірдің қиындықтарымен күресіп, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған аналарға арналған. Сондай-ақ әйелімен ажырасқан соң баласынан да теріс айналып, бір бөлке нан мен бір шұлық алып беруге жауапкершілік танытпайтын әкелерге арналған. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда мұндай әкелер аз емес. Әнді олардың естіп, ой түйіп, намыстанып, балалары алдындағы жауапкершілігін сезінсін деген ниетпен жаздық. Сондықтан бірден өсек таратуға асықпаңыздар», – деді ақын.

Желі қолданушылары әнді жылы қабылдап, оның мазмұнына қатысты пікірлерін жарыса жазып жатыр. Әсіресе баласынан ажырасқаннан кейін әкелік міндетін ұмытатын азаматтарға арналған жолдар көпшіліктің көңілінен шыққан.

«Баласына ана бәрін әперер,

Уақытпенен маңдай тері өтелер.

Қартайғанда келмесе екен пайда іздеп,

Баласымен ажырасқан әкелер.

Бұзылғанда аппақ адал некелер,

Бөтен болып шығады ма бөпелер.

Қалай ұйықтап жатырсыңдар уайымсыз,

Баласымен ажырасқан әкелер», – делінген ән мәтінінде.

Оқырмандар да туындыға бейжай қарамай, өз әсерлерін бөліскен.

«Жүрекке жетті», «Бүгінгі күннің ащы шындығы», «Жігіттер, ажырасатын болсаңдар, үйленбеңдер», «Баланың тағдыры ойыншық емес», «Дауысы сондай жағымды, жылап қалдым», – деп жазды желі қолданушылары.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →