Мемлекет басшысының Үкімет отырысындағы тұрғын үйге қатысты ұсыныстары балалардың құқықтық қорғалуын күшейтіп, бұл кепілдіктерге тұрақты сипат береді. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
– Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға да сот шешімінсіз жол берілмейді» деп толықтырған жөн екенін атап өтті. Тұрғын үйге құқық тек әлеуметтік кепілдік емес, ең алдымен, адам қауіпсіздігінің негізгі шарты. Әсіресе балалар үшін. Халықаралық стандарттарға сәйкес, балалардың өмір сүруіне, дамуына және құқықтарын қорғауына ең қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс. БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы әр баланың дене, психикалық және әлеуметтік дамуына жеткілікті өмір сүру деңгейіне, оның ішінде қауіпсіз әрі тұрақты баспанаға құқығы бар екенін мойындайды. Бала үшін тұрғын үй оның әл-ауқатының маңызды шарттарының бірі, – деді Динара Зәкиева.
Оның айтуынша, тәжірибе тұрғын үй қатынастары саласында азаматтарды баспанадан шығару кезінде, әсіресе балалардың құқықтары шектелу қаупі бар екенін көрсетіп отыр.
– Жұмыс барысында балалардың әртүрлі өмірлік жағдайларға байланысты, оның ішінде ата-анасынан немесе асыраушысынан айырылған кезде, жалғыз баспанасынан айырылу қаупіне тап болатын жайттар жиі кездеседі. Мәселен, бір жағдайда балалардың анасы қайтыс болғаннан кейін, ипотеканың басым бөлігі төленгеніне қарамастан, оларды жалғыз баспанадан шығару қаупі туындаған. Нәтижесінде бұл мәселе балалар мүддесіне сай шешіліп, банк қалған қарызды кешіру туралы шешім қабылдады. Алайда мұндай жағдайлар аз емес. Сондықтан конституциялық реформа аясында адамның өмірлік жағдайын, әсіресе балалар мүддесін ескермей тұрғын үйден шығаруға жол бермейтін қосымша кепілдіктерді бекіту маңызды. Осы тұрғыда сот шешімінсіз тұрғын үйден айыру мен шығаруға тыйым салу жөніндегі Мемлекет басшысының ұсынысын қолдаймыз. Бұл норма Конституцияда бекітілсе, ең алдымен балалардың құқықтық қорғалуын күшейтіп, тұрғын үйге құқықты нақты әрі тиімді қорғау тетігін қалыптастырады, – деді уәкіл.