Қазақстан үкіметінде негізгі азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды kznews.kz..
Инфляцияны тұрақтандыру мәселесіне арналған кеңес премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өтті. Үкіметтің хабарлауынша, қараша айында қазанмен салыстырғанда азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 0,9%-ға дейін баяулаған. Ал азық-түлік бағасының өсімі өткен айдағы деңгейде – 1% шамасында сақталған.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша кейінгі төрт аптада баға индексі нөлдік деңгейде қалған.
Жылыжай көкөністерінің, әсіресе қияр мен қызанақтың маусымдық қымбаттауын ескере отырып, Серік Жұманғарин қысқа мерзімде Түрікменстаннан жеткізілетін көкөністер үшін шекарадағы өткізу бекеттерінде «жасыл дәліздер» ұйымдастыруды тапсырды. Бұл шара өз жылыжай өндірісі жеткіліксіз өңірлерді қолжетімді бағамен қияр мен қызанақпен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа жыл мерекелері қарсаңында, 22-31 желтоқсан аралығында еліміздің супермаркеттерінде «Bereke fest» акциясы өтеді. Оның аясында әлеуметтік маңызы бар тауарлар фермерлерден тікелей жеткізіліп, төмен бағамен сатылады.
Сонымен қатар өңірлерде ауыл шаруашылығы және жаңа жыл алдындағы жәрмеңкелер саны артады — желтоқсан айының өзінде ел бойынша 800-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған.