Түркиядан Қазақстанға бірқатар алаяқтық қылмыс жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген ер адам депортацияланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Іздеуде жүрген азамат Қазақстан ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Самсун қаласында ұсталған. Оны елге қайтаруға Қазақстанның Түркиядағы ІІМ өкілі мен Қазақстан елшілігі бірлесіп жәрдем көрсеткен.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті 2024 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында ақпараттық жүйелер мен Instagram аккаунтын пайдаланып, Атырау қаласының екі тұрғынын алдап, олардың ақшасын иемденген. Жалпы келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгеден асқан.
Ер адам ұсталып, Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Атырау облысы полиция департаменті Қазақстанға депортацияланған азаматтың бұған дейін желіде бір отбасының жоғалуына қатысты өз нұсқасын таратқан "өзін хакермін деп атаған" адам екенін хабарлады.
Оған қандай айып тағылып отыр?
Ер адам Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы, яғни бірнеше рет жасалған алаяқтық бойынша айыпталып отыр. Бұған дейін өңірлік полиция бұл айыптаулардың отбасының қазасына қатысты іспен байланысы жоқ екенін нақтылаған.
Атырау облысының прокуратурасы бұған дейін 2026 жылдың 9 қаңтарында сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялағанын хабарлаған. Осыдан кейін ол халықаралық іздеуге жарияланған.