Атырау облысында бір отбасының қазасына байланысты қозғалған іс бойынша тергеу барысында жаңа мәліметтер белгілі болды. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, қылмыс аса қатыгездікпен жасалған. Прокурор көмекшісі Жандар Болатбек күдіктінің Қарабалиндер отбасына қарсы ерекше қатал әрекетке барғанын атап өтті.
Сараптама нәтижелері марқұмдардың денесінде көптеген кесілген және шаншылған жарақаттар болғанын көрсетті. Мамандар әрбір жәбірленушінің денесінен ас үй пышағымен салынған алтыдан астам жарақат анықтаған. Жарақаттар негізінен кеуде тұсына, мойынға және ішкі ағзаларға түскен.
Құзырлы органдардың дерегінше, дәл осы ауыр пышақ жарақаттары өлімнің негізгі себебі болған.
Қазіргі таңда іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қылмыс құқық қорғау органдарының ерекше бақылауына алынып, барлық мән-жай жан-жақты тексерілуде.