Атырау облысында тұтас бір отбасының қаза табуына қатысты тергеу барысында жаңа, алаңдатарлық мәліметтер белгілі болды. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады, деп жазады kznews.kz.
Облыстық прокуратура өкілінің айтуынша, қылмыс аса қатыгездікпен жасалған. Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің мәлімдеуінше, тергеу барысында күдіктінің Қарабалиндер отбасына қарсы ерекше айуандықпен әрекет еткені анықталған.
Сараптама нәтижелері марқұмдардың әрқайсысының денесінде бірнеше жерден кесілген және тесілген жарақаттар бар екенін көрсеткен. Мамандардың қорытындысына сәйкес, барлық жәбірленушілердің денесінен ас үй пышағымен салынған алтыдан астам жарақат табылған. Бұл жарақаттар кеуде тұсында, мойын аймағында және ішкі ағзаларға да түскен.
Құзырлы органдардың мәліметінше, дәл осы ауыр пышақ соққылары өлімнің негізгі себебі болған.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Іс құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында. Қылмыстың барлық мән-жайын толық анықтау үшін қажетті сараптамалар мен тергеу әрекеттері жүргізілуде.