KZNews.kz
Жаңалықтар

Атыраудағы іске қатысты күдіктіге не себепті халықаралық іздеу жарияланды

Қайсар Қанат
smartnews.kz коллажы

Атыраудағы резонансты қылмысқа байланысты басты күдікті ретінде аталған Сұлтан Сәрсемәлиев туралы жаңа мәлімет пайда болды, деп хабарлайды kznews.kz.

Атырау облысы полиция департаментінің өкілі Мейірім Ердәулет "Kursiv Media" YouTube арнасына берген сұхбатында Жангелді ауылында ерлі-зайыптының қаза табуына қатысты күдікке ілінген отбасының күйеу баласына не себепті іздеу жарияланғанын түсіндірді.

Оның айтуынша, адамды күдікті деп тану – тек полицияның біржақты шешімі емес, заң аясында бірнеше сатыдан өтетін процесс.

"Бұл – тергеудің қабылдаған шешімі. Кез келген адамды қылмысқа күдікті деп тану үшін полиция прокуратураға, одан кейін сотқа дәлелдер ұсынады. Яғни, полицияның қолында бұлтартпас айғақтар бар", – деді ол.

Сондай-ақ оның мәліметінше, құқық қорғау органдары ресми түрде растаған бағыт бойынша күдікті алдымен Атыраудан Шымкентке, кейін Шымкент арқылы Өзбекстан аумағына өткен. Осыған байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланған.

"Қазіргі таңда халықаралық іздеу жұмыстарын тиісті құзырлы органдар жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, бұл қылмысқа басқа да тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексерілуде. Алайда тергеу мүддесіне сәйкес кейбір деректер жарияланбайды. Себебі күдіктілердің жүрген жерін анықтау мен оларды ұстау – тергеу барысындағы маңызды кезең", – деп атап өтті Мейірім Ердәулет.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →