Атырауда төрт адамның өліміне қатысты айып тағылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша сот процесі басталды. Айыпталушы өзіне тағылған айыпты мойындап, ең ауыр жазаны өтеуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Белгілі болғандай, Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2022 жылы ресми түрде ажырасқан. Алайда заңды түрде екі бөлек кеткенімен, кейін де бірге тұра берген. Ерлі-зайыптының ортақ бес баласы бар: екі ұл және үш қыз.
Kursiv Media тілшісі Атырауға барып, балалар орналасқан мекемеде болған. Сондай-ақ олармен жұмыс істеген психологпен сөйлескен. Қазір балалар көпшіліктен оқшау ұсталып, сабақтарын да орталықтың ішінде оқып жүр.
Сұлтан мен Ақбаянның 3 пен 9 жас аралығындағы төрт баласы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған. Ал ең кішкентай баласы жас ерекшелігіне байланысты басқа орталыққа жіберілген.
Психологтың айтуынша, балалардың дамуы жасына сай. Олар орталыққа алғаш келген кезде жаңа ортаға бейімделуі қиын болғанымен, мінез-құлқында ашу, агрессия немесе үрей байқалмаған.
"Бұл отбасының үш баласы орталыққа ақпан айында келді. Екеуі мектеп жасында, біреуі төрт жаста. Алғашында үйренісу қиын болды, бірақ ренжу немесе агрессия көрсеткен жоқ. Кейін біртіндеп бейімделіп кетті. Сәуір айында үш жастағы төртінші баласы да бізге ауыстырылды. Балалардың бойында қорқыныш, үрей, мазасыздық байқалмайды", – деді психолог.
Маманның сөзінше, балалар отбасындағы жанжалдарға тікелей куә болмаған болуы мүмкін. Себебі олар қатты дауыс шыққанда үрейленіп, шошынбайды. Психолог балалардың ата-әжесіне ерекше жақын екенін де айтты. Оның сөзінше, олар ата-анасын жиі сұрай бермейді, керісінше әжесін көбірек іздейді.
"Ата-әжесінің қолында өскені көрініп тұр. Бір-біріне бауырмал. "Мама, папа" деп көп сұрамайды, ата-әжесіне жақын. Әжесін қатты іздейді. Әжесі әр апта сайын келіп тұрады. Балалар көбіне ата-әжесін сағынғанын айтады", – деді психолог.
Сондай-ақ қоғамда үлкен талқыға түскен Атыраудағы отбасының жоғалуына қатысты қылмыстық істе Ақбаян Мұқанғалиеваның бұл қылмысқа қатысы жоқ екені анықталғаны туралы хабар шыққан еді.