Атырау облысы Жангелдин ауылында жоғалып кеткен бір отбасының екі мүшесін өлтірді деген күдік 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевке түсті, деп хабарлайды kznews.kz.
«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, күдікті — қаза тапқан Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның күйеу баласы.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиев ерлі-зайыптыларды өлтіріп, кейін қылмыстың ізін жасыруға әрекет жасаған. Марқұмдардың мәйіттері олардың үйіне тиесілі шаруашылық қорадан табылған.
Анықталғандай, денелер қора ішінде қазылған тереңдігі шамамен 1,5 метр болатын шұңқырға көмілген. Үсті топырақпен көміліп, оның үстіне линолеум төселген. Ал шұңқырдың үстіне диван қойылып, ғимараттың есігі кілтпен жабылған.
Қазіргі уақытта күдіктінің бұл қылмысты жалғыз өзі немесе сыбайластарымен бірге жасағаны нақты анықталған жоқ. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Құқық қорғау органдарындағы дереккөздердің хабарлауынша, Сұлтан Сәрсемалиев қылмыс жасағаннан кейін елден қашып кеткен болуы мүмкін. Оған ресми түрде іздеу жарияланған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктінің ұялы телефоны алғашында Өзбекстан аумағында тіркелген. Кейін ол Малайзия арқылы Индонезияға өтіп кеткен болуы мүмкін деген болжам айтылуда.
Тергеу аясында күдіктінің анасы да жауапқа тартылған. Алайда ол ұлы мен келінінің қазіргі қайда екені жөнінде ешқандай ақпарат бермеген.
Бұл қылмыстағы ең жұмбақ жайттардың бірі — марқұмдардың үлкен қызы әрі күдіктінің жұбайы Ақбаянның тағдыры. Ол әлі күнге дейін хабарсыз кеткендер қатарында тұр, ал оның қайда екені әзірге белгісіз.