БАҚ мәліметінше, ер адамның денесі 18 қазанда анықталған. Марқұмның әріптестері оның қайтыс болғанын растап, ведомствоның ресми парақшасында көңіл айту жазбасын жариялаған.
Атырау облысында әлеуметтік қорғау саласындағы департаментті басқарған Бауыржан Асаиновтың мәйіті өзі тұрған пәтерден табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның денесі үйде шамамен екі апта жатқан болуы мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақпарат көзінде марқұмның ағасымен жанжалдасуы мүмкін екені туралы болжам да айтылған. Алайда оқиғаның бұл нұсқасы ресми түрде расталмаған. Қазір ер адамның өлімінің нақты себебі мен оқиғаның мән-жайы жөнінде толық ақпарат жоқ.
Бауыржан Асаинов 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап Атырау облысы бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментін басқарған. Бұған дейін прокуратурада, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде қызмет атқарған.
Айта кетейік, биыл мамырда Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданындағы Май ауылдық округінің әкімі Ерлан Смаиловтың да мәйіті табылған еді. Полиция оның қайтыс болғанын растаған. Оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланған.