Атырау қалалық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Бақтыбек Исаевтың уақытша ұстау изоляторына қамалғаны туралы ақпаратты Ішкі істер министрлігі растады, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, іс есірткі заттарына қатысты заңбұзушылықтармен байланысты болып отыр. Атап айтқанда, айғақ зат ретінде сақталға тиіс есірткі заттарын заңсыз айналымға шығарып, сатуға қатысты күдік зерделеніп жатыр екен.
Қазір аталған іс бойынша өзге де лауазымды тұлғалар тексеріліп жатыр. Олардың қатарында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Әлішер Нұршаев пен өзіндік қауіпсіздік басқармасының жетекшісі Саламат Қалиев те бар. Әзірге оларға қатысты бұлтартпау шарасы таңдалған жоқ.
Ішкі істер министрлігі бұл деректі растады. Ведомствоның мәліметінше, Атырау қаласы полиция басқармасының басшысына қатысты заңға қайшы әрекеттер анықталып, қылмыстық іс қозғалған.
- Исаев ішкі істер органдарынан теріс себептермен босатылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, – делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ, Атырау қаласына ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік қызметінің өкілдері жедел іссапармен барғаны белгілі. Олар істің мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.Тергеу жалғасуда.