Атырауда 21 жастағы жігіт жас бойжеткенге аса қатыгездік көрсеткен. Бұл оқиға қоғамның алаңдаушылығын күшейтті. Полиция бұл іске қатысты ресми түсініктеме беріп, күдіктінің ұсталғанын растады, деп хабарлайды Kznews.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 8 наурыз күні таңертең 21 жастағы жігіт 19 жастағы бойжеткенді бірнеше сағат бойы ұрып-соғып, қинап, денесін пышақпен тілгілеген.
Осы жайтқа байланысты Атырау облыстық полиция департаменті Azattyq Rýhy редакциясына ресми ақпарат ұсынған.
«21 жастағы азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің «Қинау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп растады полиция.
Қазір белгілі болғандай, күдіктіге қатысты 9 наурыз күні бірнеше іс тіркелген. Алайда бастапқы кезеңде оған Әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша ғана айып тағылған.
Кейін полиция мәліметіне сәйкес, күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол қамауға алынған.