Еуропалық Porschist журналының Қазақстан туралы арнайы саны жарыққа шықты
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Атырау облысындағы трагедия: бір қызы тірі табылып, туыстары екі адамды әлі күтуде

Атырау облысындағы трагедия: бір қызы тірі табылып, туыстары екі адамды әлі күтуде
Фото: Ашық дереккөзі

Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында болған ауыр оқиғаға қатысты марқұм ерлі-зайыптының жақындары күдіктілер қатарында аталған қыздары Ақбаянның аман табылғанына қуанып отыр. Бірақ олар оның өз әке-шешесіне қиянат жасауы мүмкін дегенге сенбейді әрі әлі із-түзсіз кеткен Наурыз бен Мейрамгүлдің тағдыры үшін алаңдаулы, деп хабарлайды Kznews.kz.

Қаралы үйдің адамдары ең алдымен екі бірдей жанның – Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның нақты қайда екені белгісіз күйде қалғанын айтады. «Екі бауырымыздан хабар шықса екен, ең болмағанда сүйегі табылса екен», - деді туыстары КТК арнасына берген сұхбатында.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында бір үйдің төрт адамы жоғалып кеткені туралы ақпарат тарап, артынша зейнет жасындағы ерлі-зайыптылардың мәйіті өз үйінен табылған. Тергеу болжамына сай, қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдік марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев пен қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға түскен. Екеуінің Индонезия аумағында ұсталғаны хабарланды.

Дегенмен жақындары Ақбаянның бұл іске тікелей қатысы бар деген пікірге иланбай отыр. Олардың айтуынша, ол күйеуінің дегенінен аса алмай, соңынан еріп жүрген болуы ықтимал. Істің мән-жайы толық ашылып, ақ-қарасы анықталмайынша біржақты қорытынды жасауға ерте дейді олар.

Марқұм Мақсот Мұқанғалиевтің қарындасы Асила Мұқанғалиева сіңлісі Ақбаянмен қалада жиі араласқанын, оның балажан екенін айтады. Туыстарының сөзінше, бұл жағдай бес балаға да оңай тимеген: балалар жан-жаққа бөлініп, қамқорлық мекемесіне жіберілгені отбасының ең үлкен күйігіне айналған.

Асила Мұқанғалиева, марқұм Мақсот Мұқанғалиевтің қарындасы:

— Ақбаянның тірі екеніне қуандық. Қасында екеніне қуандық. Екі бауырымыз табылатын болды ғой. Ақбаян келіп, жазылып, емделіп, балаларын бауырына басады ғой деп ойлап жыладық. Күдікті істегенінің бәрін мойнына алса екен дейміз.

Қазір құзырлы органдар күдіктілерді Қазақстанға қайтару бағытында тиісті шараларды қолға алғаны айтылады. Ал Жангелдиндегі қаралы шаңырақ үшін ең басты үміт – әлі табылмаған екі адамның тағдыры анықталып, бұл істің әділ нүктесі қойылуы.

Автор
Дархан Тоқан

Журналист. Блогер. Фрилансер