Атырау облысында Жангелдин ауылында қаза тапқан Қарабалиндер отбасына қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа деректер жарияланды. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Тергеуді облыстық полиция департаменті жүргізіп жатыр. Алғашында іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (екі немесе одан да көп адамды өлтіру) бойынша қаралған. Алайда кейін тергеу барысында қосымша эпизодтар анықталған.
Прокуратураның мәліметінше, жәбірленушілердің малын сатып, мүлкін иемдену деректері бойынша Қылмыстық кодекстің 188 және 190-баптары («Ұрлық» және «Алаяқтық») бойынша бөлек істер тіркелді. Осылайша, негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке тағылған айыптар ауқымы кеңейіп, іс аясында алаяқтыққа қатысты үшінші эпизод пайда болды. Оның нақты мән-жайлары әзірге жарияланған жоқ.
Сонымен қатар, қаза тапқандардың қызы әрі күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты да тергеу жүріп жатыр. 10 наурыз күні тергеу сотының шешімімен ол сот-психологиялық және психиатриялық сараптамадан өту үшін арнайы медициналық мекемеге жіберілген.
Қазіргі уақытта оның әрекеттеріне нақты құқықтық баға берілмеген және оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмаған. Егер сараптама барысында психикалық ауытқулар анықталса, оны Алматы қаласындағы Сот сараптамалары институтында қосымша тексеру мәселесі қарастырылады.
Прокуратура істің барлық мән-жайы толық анықталып, сараптама қорытындылары алынғаннан кейін ғана күдіктілердің әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Тергеудің аяқталу мерзімі жүргізіліп жатқан іс-шаралар мен сараптамалардың нәтижесіне байланысты болады.