KZNews.kz
Жаңалықтар

Атырау облысында келіні енесін пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Атырау облысының Қызылқоға ауданында келіні енесіне пышақ жарақатын салып, қарт әйел алған жарақатынан көз жұмған қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Kznews.kz Alash.kz-ке сілтеме беріп.

Алдын ала тергеу материалдарына қарағанда, қайғылы оқиға 2025 жылдың мамыр айында болған. Марқұм кейуана ұзақ уақыт ауыр халде жатып, төсекке таңылған күйде бөгде күтімге мұқтаж болғаны айтылады.

Оқиға болған күні үйде тек марқұм мен оның 38 жастағы келіні қалған. Тергеу дерегінше, күдікті асүй пышағымен қарт әйелге төрт рет пышақ сұққан. Жәбірленуші аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.

Оқиға орнына жеткен құқық қорғау қызметкерлері күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Қылмыстың нақты себептері әзірге нақтыланбаған.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптамалар тағайындалған. Сот-медициналық және психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы күдіктінің созылмалы психикалық дертке, нақтырақ айтқанда параноидты шизофренияға шалдыққанын көрсеткен.

Қазіргі уақытта іс Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралып жатыр.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →