Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі болып Нұрсұлтан Бисембиев тағайындалды.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, тиісті өкімге облыс әкімі Болат Ақшолақов қол қойған. Тағайындау Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және аудандық мәслихат депутаттарымен келісілген.
Облыс әкімі аудан активіне жаңа басшыны таныстырып, бұған дейін Құрманғазы ауданын басқарған Абат Жанғалиевке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Нұрсұлтан Бисембиев кім?
Нұрсұлтан Бисембиев «есепші-аудитор» және «экономист» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолында қаржы және мемлекеттік аудит саласында түрлі қызмет атқарған. 2013–2017 жылдары Атырау облыстық тексеру комиссиясында оператордан бастап бас инспектор-бақылаушыға дейінгі лауазымдарда жұмыс істеді.
2017 жылдың мамырында Атырау облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды. Сол жылдың қазан айынан бастап аталған басқарманы басқарды.
2019 жылдың қарашасынан 2022 жылдың тамызына дейін Қызылқоға ауданының әкімі болды.
2022–2024 жылдары Атырау облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды. Ал 2024 жылғы 31 мамырдан бастап Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі болып еңбек етті.
Жаңа әкімге қандай міндеттер жүктелді?
Облыс басшысы Нұрсұлтан Бисембиевке Құрманғазы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар міндет жүктеді.
Олардың қатарында халықты жұмыспен қамту, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, жылыту маусымына дайындық, ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығын дамыту бар.
Сондай-ақ жаңа әкімге бұл міндеттерді аудан тұрғындарымен және мәслихат депутаттарымен тығыз байланыста жүзеге асыру тапсырылды.