Әлеуметтік желіде өзін белгілі ақын Мұхтар Шахановтың келіні ретінде таныстырған Жаңагүл Өмірбекова қоғамға шұғыл үндеу жолдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол Facebook-тегі жеке парақшасында көпшілікке тараған бейнежазбаға байланысты қайын атасының қазіргі денсаулығы мен жағдайы жөнінде бұрын айтылмаған деректерді бөлісті. Жаңагүл Өмірбекованың айтуынша, ақынның хәлі алаңдатарлық.
«Мен Жаңагүл Мұратқызы, Мұхтар Шахановтың келіні ретінде, әлеуметтік желіде Ата жарияланған видеоға байланысты ашық мәлімдеме жасаймын!» – деп бастады ол сөзін.
Келінінің мәлімдеуінше, Мұхтар Шахановтың денсаулығы күрт нашарлап, ол айтқан сөзін көп ұзамай ұмытып қалатын күйге түскен. Сонымен қатар, жуырда екінші ұлынан айырылған ақынның психоэмоционалдық жағдайы да өте ауыр екені айтылды.
«Қазіргі таңда Ата қоғамда болып жатқан жағдайлардан мүлдем бейхабар», – дейді Жаңагүл Өмірбекова жұртты сабырға шақырып.
Ол халықты түсіністік танытуға үндеп, бір ғана видеоға бола ұлтқа сіңірген еңбегі орасан тұлғаны жазғыру мен қаралаудың орынсыз екенін атап өтті.
«Ұлтына өлшеусіз еңбек сіңірген, Ана тіліне өмірін арнаған Атамызды бір видеоға бола қарғап-сілеудің ешқандай негізі жоқ», – деді ол.
Мәлімдеме соңында Жаңагүл Өмірбекова Мұхтар Шахановтың ел тарихында өз халқына адал қызмет еткен ұлы тұлға болып қалатынын ерекше атап өтті