«Көрпеңе қарай көсіл» дегенді өмірлік қағида еткен қарапайым халық үшін тамыз айы туса болғаны, «мектепке дайындық» деген үлкен бір сүргін басталады. Баланың қуанышы мен білімге деген құштарлығының орнын «баланы қалай киіндіреміз, оқу құралын қалай түгендейміз» деген бас қатыру мен сарыуайым басады. Оның ішінде өзекті өртеп, қалтаны тесетін ең басты мәселе — мектеп формасы. Өткен жылы дәл осы тақырып халықтың көкейіндегі шеменді қозғап, «GosRating.com» сайтында мектеп формасын міндеттеуді алып тастау туралы петицияға 156 680 адам қол қойып, ел ішінде үлкен дүрбелең тудырған еді.
Алайда, халықтың ащы айқайы мен жанайқайы шенеуніктердің мұз бұзғандай міз бақпас тас кереңдігіне соғылып, «баяғы жартас — бір жартас» күйінде қалды. Жыл сайын тамыздың аяғында мектеп формасын сатушылар мен өндірушілер шаш-етектен пайдаға кенеліп, халықтың есебінен қалталарын қампайтып отырғаны жасырын емес.
Шынына келгенде, бүгінгі таңда бір баланы мектепке жіберудің өзі қарапайым отбасы үшін үлкен салмақ отыр.
Статистикаға мен ресми деректерге көз жүгіртсек, орташа есеппен бір баланы мектепке толық дайындау үшін кем дегенде 80 000 – 120 000 теңге көлемінде қаражат қажет. Ал бір үйден екі немесе үш бала мектепке баратын болса, бұл шығын қарапайым айлықпен күн көріп отырған отбасының екі аяғын бір етікке тығатыны анық. Ең сорақысы – сол қомақты қаражаттың тең жартысынан астамы тек мектеп формасына ғана кетеді. Көйлек, шалбар, пиджак, спорттық киім мен аяқ киімнің бағасы күн санап өсіп, аспанға шарықтап барады. Әлеуметтік желілердегі ата-аналардың наразылығына құлақ түрсеңіз, «Сапасы сын көтермейтін, бірінші жуудан кейін-ақ оңап, пішінін жоғалтатын матаны соншалықты қымбат бағаға сату – сорақылық» деген ащы пікірлер өріп жүр. Халықтың айтуынша, базардағы немесе дүкендегі мектеп киімінің бағасы қарапайым халықтың қалтасына мүлдем қолжетімсіз болып бара жатқаны, ал оның артында белгілі бір топтардың мүддесі тұрғаны жасырын емес.
«Судың да сұрауы бар» демекші, мектеп формасының мұншалықты қымбат әрі қолжетімсіз болуының артында жасырын жемқорлық пен монополияның елесі мендеңдеп тұрғаны бәріне мәлім. Кейбір өңірлерде мектеп әкімшіліктері белгілі бір тигін фабрикаларымен немесе жекеменшік сатушылармен ауыз жаласып, ата-аналарға белгілі бір дүкеннен ғана, нақты белгіленген фасондағы киімді алуды міндеттейді. Бұл жерде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің орын алып жатқанын, бәсекелестіктің жоқтығынан бағаның қолдан өсіріліп отырғанын бағамдау қиын емес. Білім беру жүйесіндегі мұндай келеңсіздіктер ата-аналардың қалтасын қағып қана қоймай, әлеуметтік теңсіздікті де тереңдете түсуде. Егер мақсат — оқушылар арасында теңдік орнату болса, неге сол киімнің бағасы қарапайым халыққа қолайлы етіп реттелмейді, неге сапасы төмен матадан тігілген киімдерге монополиялық баға қойылады деген сұрақтар жауапсыз қалып келеді.
Қорыта айтқанда, мектеп формасы — оқушыға тәртіп пен біркелкілік сыйлайтын құрал болудың орнына, жыл сайын халықты әбігерге салатын, бизнестің құралына айналған үлкен мәселеге айналды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, баланың сапалы білім алуына жағдай жасаудың орнына, ата-ананы киім дауымен әуре-сарсаңға салу — білім беру саласындағы жүйелі қателіктің айқын көрінісі. Алдағы уақытта бұл мәселе тек қағаз жүзіндегі шешімдермен емес, халықтың үніне құлақ асып, нақты бағаны бақылау мен бәсекелестікті қамтамасыз ету арқылы шешімін таппаса, жылда қайталанатын бұл наразылықтың толастайтын түрі жоқ.