Депутат бұл мәселеге қатысты ұстанымын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау ата-ананың табысына қарай сараланбауы керек.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бала тууына байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақыны қысқарту және оны отбасының материалдық жағдайына қарай белгілеу туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Мұрат Әбенов бала дүниеге келген кезде отбасының қазіргі қаржылық жағдайына қарап, әлеуметтік көмектің көлемін өзгертуді дұрыс емес деп санайды. Оның пікірінше, бүгін жағдайыжақсы отбасы ертең түрлі себеппен қаржылық қиындыққа тап болуы мүмкін.
«Сәбиді "бай" мен "кедейге" бөлуді тоқтату керек! Әр бала мемлекеттен тең қолдау алуы тиіс! Бүгін жағдайы жақсы отбасы ертең қиындыққа тап болуы мүмкін. Мемлекет әр баланы бірдей қолдауы қажет», – деп жазды депутат.
Әбеновтің сөзінше, отбасыларды табысына қарай «мұқтаж» және «ауқатты» деп бөлу мемлекеттік көмекті тағайындау тәртібін күрделендіруі ықтимал. Ол мұндай жүйе қосымша құжат жинауға, бюрократиялық рәсімдердің көбеюіне және әлеуметтік қолдауды алу процесінің қиындауына әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Депутат сонымен қатар отбасының әлеуметтік жағдайын анықтау барысында жемқорлық тәуекелдері туындауы мүмкін деген пікір білдірді.
«Отбасыларды "мұқтаж" немесе "ауқатты" деп сұрыптау тек қағазбастылық пен жемқорлыққа жол ашады. Баладан үнемдеу – елдің болашағынан үнемдеу!» – деді Мұрат Әбенов.
Осылайша Мәжіліс депутаты бала тууға байланысты мемлекеттік қолдауды ата-ананың табысына қарай шектеуге қарсылық білдіріп, әрбір дүниеге келген сәбиге тең әлеуметтік қолдау көрсетілуі қажет деген ұстанымын жеткізді.