Мемлекет басшысы өз сөзінде Ұстаздар күнінің қоғам үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл мереке тек педагогтер қауымының ғана емес, жалпы халықтың басын біріктіретін айтулы күн.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен салтанатты шараға қатысып, ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды kznews.kz.
Президент әр адамның өмірінде ұстаздың орны ерекше екенін атап өтіп, мұғалім еңбегін жоғары бағалаудың өркениетті қоғамның маңызды белгілерінің бірі екенін айтты.
«Ұстаз – әр адамның өміріндегі негізгі тұлға. Мұнымен әркім келіседі деп ойлаймын. Педагогке деген терең құрмет – өркениетті қоғамның кемелдігін айқындайтын маңызды белгі. Ұлы ойшыл Абай адам бойындағы ізгіліктің жақсы тәлімгердің арқасында қалыптасатынын айтқан. Ұстаздық мамандыққа ерекше құрметпен қараған көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов: "Ұстаз – ұлы атақ" деген. Ұстаздар қауымына құрметпен қарап, ұлттың болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген педагогтерге алғыс айту – баршамыздың ортақ парызымыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазіргі кезеңде педагогтердің қоғамдағы рөлі бұрынғыдан да арта түскеніне назар аударды. Оның сөзінше, озық технологиялардың қарқынды дамуы мен ақпарат ағынының күшеюі жағдайында мұғалімнің жас ұрпаққа бағыт-бағдар берудегі маңызы ерекше.
«Бүгінде озық технологиялар қарыштап дамып, орасан зор ақпарат ағыны қалыптасқан заманда ұстаздың рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Бұл – даусыз шындық», – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде педагогтерді жан-жақты қолдауды аса маңызды міндеттердің бірі деп санайтынын атап өтті.
Президенттің айтуынша, мұғалімдердің кәсіби еңбегін бағалау және олардың қоғамдағы беделін арттыру білім беру саласын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.