Астанадағы Орталық саябақта аттракциондардың бірі істен шығып, ішінде отырған екі бала жерге құлаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға 25 сәуір күні шамамен сағат 17:10 шамасында болған. Сол күні зардап шеккен балалардың отбасы саябаққа демалуға келген. Аттракцион айналып тұрған сәтте екі қыз отырған кабина бірнеше айналымнан кейін металл бекіткішінен ажырап, төменге құлаған. Куәгерлердің айтуынша, ақау дәл балалар отырған бөлікте болған.
Зардап шеккендердің анасы бұл жағдайды Threads әлеуметтік желісінде жазған. Оның сөзінше, бәрі санаулы секунд ішінде болған және қайғылы жағдайға ұласуы әбден мүмкін еді.
Бұл оқиға әлеуметтік желіде үлкен наразылық туғызды. Кейбір куәгерлер аттракциондар қыс мезгілінен кейін тиісті тексеріссіз іске қосылғанын айтып отыр.
Оқиғаға байланысты полиция тексеру жұмыстарын бастады. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, кабина құлағаны туралы алғаш болып аттракцион операторы хабарлаған. Алдын ала деректерге сәйкес, кабина аспалы металл конструкциядан ажырап кеткен.
Қазіргі уақытта материалдар тиісті органдарға жолданып, аттракциондардың қауіпсіздігі жан-жақты тексерілмек.