Астананың Сарайшық ауданындағы мектептердің бірінің маңында болған оқиға қоғам назарын аударды. Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз ер адам кәмелетке толмаған баланы өзімен бірге алып кетпек болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға 5 маусым күні тіркелген. Куәгерлердің айтуынша, ер адам шамамен 9-11 жастағы баланы қоршаулар арасына қарай ертіп кеткен. Алайда мұны байқап қалған өтіп бара жатқан азаматтар дер кезінде араласып, баланы босатып алған. Кейін олар полиция шақырған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода бала болған жайтты қысқаша баяндап, өзін бейтаныс адамның алып кеткенін айтқан.
Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, 56 жастағы ер адамды ұстады. Ол аудандық полиция басқармасына жеткізілген.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты қажетті процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр. Баланың заңды өкілі арыз жазудан бас тартқанымен, ер адамның әрекетіне құқықтық баға беріледі.