Астаналық желіде әскерде зорлық-зомбылық көріп жүргенін айтып өзгелерден ақшалай көмек сұраған 23 жастағы жігіт сотталды. Ол бұл оқиғаны ақша табу үшін жазғАня, деп хабарлайды kznews.kz.
Жігіт желіде осы жылдың ақпан айында ол анонимді түрде жазба жариялаған. Онда ол әскери қызмет кезінде өзіне жыныстық зорлық-зомбылық жасалғанын ойдан шығарып, өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге кету үшін қаржылай көмек сұраған. Жазбаға ақша аударуға арналған банк реквизиттерін де қоса көрсеткен.
Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың бірінің шағымынан кейін жүргізілген тексеру барысында жарияланған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Сондай-ақ азаматтың ешқашан әскери қызмет өтемегені белгілі болды.
Ақша жинау үшін ол 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланған. Ал танысы бұл туралы білмеген. Екі күннің ішінде бұл шотқа 15-тен астам ақша аударымы түскен. Тергеп-тексеру барысында күдікті жалған ақпаратты тек ақша табу мақсатында жариялағанын мойындады.
Алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Полиция азаматтарға әлеуметтік желілердегі тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға кеңес береді.