Мекемеден қашып кеткен қыздар ұсталғаннан кейін мектепке қайта барудан бас тартқан. Ата-аналары да балаларын ұрып-соғып, қорлық көрсеткенін мәлімдеді.
Тараз қаласындағы тәртібі қиын жасөспірімдерге арналған арнайы мектептің үш тәрбиеленушісі жоғары сынып оқушыларынан қысым көріп, ақша беруге мәжбүр болғанын айтып шағымданды. Алайда облыстық білім басқармасы бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды kznews.kz stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ата-аналардың айтуынша, қыздары мектептегі үлкен тәрбиеленушілердің кішілерді ұрып-соғып, ақша талап ететінін жеткізген. Татьяна Лонкина жоғары сынып оқушылары балаларды түрлі әрекеттерге мәжбүрлеп, қарсы болған жағдайда күш қолданатынын айтады. Тіпті ата-аналарына хабарласып, ақша сұрататын көрінеді.
«Бұл барып тұрған қорлық деп ойлаймын. Мұндағы үлкен қыздар балаларымызды еденде секіруге, жүгіруге мәжбүрлейді екен. Оларды ұрып-соғып, ақша талап етеді. Тіпті аналарыңа қоңырау шалып, ақша сұра дейді. Фируза есімді үлкен қыз тәрбиеленушілердің бірінің қолына әдейі секіріп, сындырып жіберген», – дейді Татьяна Лонкина.
Балаларының жағдайын көрген аналар олардың денелеріндегі көгерген жерлерді көрсетіп, қорлық көргендерін жылап айтқанын жеткізді. Елена Михайлова қыздарының сыртқы жарақаттарын көріп, қатты алаңдағанын айтты.
«Мен мұнда келгенде қыздардың түрін көріп шошып кеттім. Біреуінің көзі, біреуінің қолы көгерген. Қатты жаным ашыды. Қызым: “Анашым, сен кеткен соң мұнда тіпті қиын болады”, – дейді», – деп бөлісті ол.
Ата-аналар мектеп қызметкерлерінің де әрекетіне наразылық білдіріп, педагогтер тәрбиеленушілер арасындағы қысым туралы біле тұра, тиісті шара қолданбаған болуы мүмкін деп есептейді. Сондай-ақ кейбір мұғалімдердің де балаларды ұрып-соғуға қатысы бар деген айып айтылды.
Ал Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы мектепте ұрып-соғу фактілері анықталмағанын мәлімдеді. Басқарма бөлімінің басшысы Еркебұлан Тәткеевтің айтуынша, оқиғаға байланысты полиция мен жедел медициналық жәрдем шақырылып, тексеру жүргізілген.
«Осыған байланысты полиция және жедел медициналық жәрдем қызметкерлері шақыртылып, тиісті тексеру жүргізілді. Бейнебақылау жазбаларын зерделеу кезінде ұрып-соғу фактілері анықталған жоқ. Медициналық тексеру нәтижесінде аталған тәрбиеленушілердің денсаулығына елеулі зиян келтіретін жарақаттар табылмады», – деді Еркебұлан Тәткеев.
Қазіргі уақытта ата-аналардың шағымдары бойынша арнайы мектепте тексеру жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, мекемеде еліміздің әр өңірінен келген 43 жасөспірім білім алады. Тәртіп бұзған балалар сот шешімімен арнайы мектепке бір жыл мерзімге жіберіледі. Осы уақыт ішінде олардың мекеме аумағынан өз бетінше шығуына рұқсат етілмейді.