Ол әлеуметтік желідегі парақшасында бұрынғы жұбайымен ажырасқанына біраз уақыт болғанын айтып, ел арасында тараған түрлі қауесеттерге қатысты ойын ашық білдірді.
Әншілік өнерден қол үзіп, дін жолына бет бұрған Рүстем Жүгінісовтің бұрынғы жұбайы Айжан Қырықбай жеке өміріне қатысты көптен бері айтылып жүрген әңгімелерге нүкте қойды. Ол өнер иесімен ажырасып кеткеніне біршама уақыт өткенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz
“Бұрынғы жұбайым екеуміз ажырасып кеткенімізге біраз уақыт болды. Сондықтан мені ол кісімен байланыстырып, әйелдерінің қатарына қоспауларыңызды сұраймын! Сондай-ақ, “төрт баласымен тастап кетті” деген сөздерді жазбауларыңызды өтінемін. Кету – менің өз шешімім! Және бұл шешіміме өкінбеймін. Әркім өз адамымен бақытты болсын!” – деп жазды Айжан Қырықбай.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін үнсіз келуінің басты себебі – жеке өмірін көпшілік талқысына салғысы келмегені.
Алайда кейінгі уақытта әлеуметтік желіде түрлі бейнежазбалар тарап, өзі туралы негізсіз әңгімелер көбейген соң, бұл мәселеге қатысты пікір білдіруге мәжбүр болған.
“Ешкімнің алдында ақталып, біреуге бір нәрсені дәлелдеуді де қажет деп санамадым. Өйткені әр адамның жеке өмірі мен жеке шекарасы болуы керек деп есептеймін. Мен де өз өмірімнің көпшілік талқысына түспегенін қаладым”, – деді ол.
Айжан Қырықбай бұл оқиғаның арада жылдар өткен, өмірінің артта қалған бір кезеңі екенін атап өтті. Сондай-ақ көпшіліктен бұрынғы жұбайының жеке өміріне қатысты өзіне сауал қоймауды өтінді.
“Шынымды айтсам, осы әңгімеден шаршадым. Сондықтан осы тақырыпты біржола жабайықшы! Рүстем мен Айжан деген жұп енді жоқ!” – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, биыл ақпанда Рүстем Жүгінісовтің бірнеше әйел алғаны туралы ақпарат тарап, жеке өмірі желіде қызу талқыланған еді. Сол кезде өзін әншінің екінші жары ретінде таныстырған келіншек оның үш әйелі бар екенін мәлімдеген. Осыдан кейін желі қолданушылары өнер иесін сынның астына алды.
Көпшіліктің сынына жауап берген Рүстем Жүгінісов “Әйелдерімді санамай, аңдымай, сөз қылмай жүріңіздерші. Қанша қатын алсам да өзім білемін” деп жауап берген еді.