KZNEWS.KZ
Әлем

Армения парламентінде депутаттар жаппай төбелесті

• Қайсар Қанат

Оқиға 29 қазанда Арменияның Ұлттық жиналысында болған. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, жанжал биліктегі «Азаматтық келісім» партиясының депутаты Тарон Чахоянның сөзінен кейін басталған.

Депутат өз сөзінде оппозиция өкілдерін өткір сынға алып, «Күшті Армения» фракциясының жетекшісі Нарек Карапетянға қатысты мәлімдеме жасаған.

Бұған жауап ретінде Карапетян қарсылық білдіріп, екі депутат арасында сөзге келу басталған. Көп ұзамай олардың арасындағы дау ушығып, өзге парламентарийлер де араласқан.

Алдымен депутаттар бір-бірін итеріп, жағаласқан. Кейін жанжал төбелеске ұласып, кейбір депутаттар қарсыластарына жұдырық және аяқпен соққы жасаған.

Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан парламент залында бірнеше адамның бір-бірімен жағаласып жатқанын көруге болады.

Армения парламентінің төрағасы Рубен Рубинян бастапқыда отырысты тоқтатпайтынын мәлімдеген.

Ол болған жағдайды халықтың өз көзімен көруі үшін үзіліс жарияламайтынын айтқан.

Алайда депутаттар арасындағы төбелес күшейіп, қатысушылардың бірі еденге құлағаннан кейін парламент жұмысына үзіліс жарияланған.

Жанжалды тоқтату үшін залға қауіпсіздік қызметкерлері кірген. Олар төбелеске қатысқан депутаттарды бір-бірінен ажыратуға әрекет жасаған.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, қауіпсіздік қызметі «Күшті Армения» фракциясының бірқатар өкілін залдан шығарған.

Әзірге оқиға салдарынан қанша адамның зардап шеккені және қатысушыларға қатысты қандай шара қолданылатыны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Армения парламентіндегі төбелес тікелей эфир кезінде болғандықтан, жанжалдың бейнежазбалары көпшілікке тарады.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →