Солтүстік Аралға су қайта құйылып жатыр. Қазір Ақлақ су торабынан секундына 50 текше метр су келген. Жыл соңына дейін қорғаныс бөгеті нығайтылып, теңізді сақтау жобасының жаңа кезеңі басталмақ. Бұл туралы kznews.kz тілшісі Аlmaty.tv арнасына cілтеме жасап хабарлайды.
Қазір теңіз деңгейі біртіндеп көтеріліп келеді. Жергілікті тұрғын Әзімбай Жолмырзаевтың айтуынша, су тұздылығы өзгеріп, балықтың тіршілігіне қолайлы жағдай қалыптаса бастаған.
Қаратерең ауылының тұрғыны су келуі тұрақты жалғасса, балық шаруашылығы жандана түсетініне сенімді.
"200-ге жуық отбасы тұратын ауыл халқының әл-ауқаты теңізге тікелей тәуелді", – деді Бөген ауылының тұрғыны Төрехан Ділжанов.
Мамандардың мәліметінше, Кіші Аралда жыл сайын 8 мың тоннаға дейін балық ауланады. Көрсеткіш теңізді сақтау бағытындағы көпжылдық жұмыстың нәтижесі. 2022 жылы Көкарал бөгетін қайта жаңғырту басталған. Жөндеу аяқталған соң теңізге суды тұрақты жеткізу мүмкіндігі артады.
Сала өкілдерінің пікірінше, Орталық Азия елдері арасындағы су бөлу жөніндегі келісім де оң әсерін тигізіп отыр.
"Орталық Азия мемлекеттері президенттерінің кездесуінде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстанның су ресурстары министрлері қол қойған келісімнің пайдасы зор болды. Сол кезде келетін су көлемін мемлекеттер арасында тең бөлу туралы шешім қабылданған. Қазір біз өзімізге тиесілі лимитті толық пайдаланып отырмыз", – деді "Қызылорда сушар" өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов.
Еске салайық, бұған дейін өзін "жаңбыр адам" деп таныстырған Алтай Айнабек Арал теңізін толтыру мақсатында атмосфераны иондау тәсілі арқылы жауын-шашын шақыру жобасын ұсынған еді. Ол арнайы құрылғылардың көмегімен бұлттарға әсер етіп, өңірде жаңбыр жаудыруға болатынын мәлімдеген. Алайда экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл тәсілдің ғылыми дәлелі жеткіліксіз екенін айтты. Министрдің сөзінше, Арал өңіріндегі жауын-шашын Қазгидрометтің алдын ала болжамына сәйкес табиғи түрде жауған. Сондай-ақ әлемдік ғылыми орта да иондау әдісіне күмәнмен қарайды.