Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автожолдарының құрылысын ресми түрде бастап берді. Жалпы ұзындығы 1500 шақырымнан асатын жобалар Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін арттырып, Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды kznews.kz.
Телекөпір барысында сөйлеген сөзінде Президент көлік-логистика саласы Қазақстан экономикасының стратегиялық бағыты екенін атап өтті. Оның айтуынша, Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды құрлықтық бағыттардың торабында орналасқан еліміз үшін заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту – уақыт талабы.
– «Жол – тіршіліктің күретамыры». Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы негізгі көпірдің бірі саналады. Сондықтан елімізде озық әрі тиімді көлік жүйесін қалыптастыру – басты міндеттердің бірі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент соңғы жылдары көлік саласында жүзеге асқан ірі жобаларға тоқталды. Атап айтқанда, «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылып, жүк өткізу қабілеті бес есеге артқан. Сондай-ақ Алматы қаласын айналып өтетін теміржол пайдалануға беріліп, жүк жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарған.

Автожолдарды жаңғырту жалғасады
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, өткен жылы елімізде 13 мың шақырым автожол салынып, жөнделген. Оның 6 мың шақырымы пайдалануға берілген.
Бұдан бөлек, соңғы жылдары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Қарағанды – Алматы», «Орталық – Оңтүстік», «Атырау – Астрахан», «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай» бағыттарындағы жолдар жаңғыртылды.
Президент қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде инфрақұрылымдық жобалар қатар іске асырылып жатқанын айтты. Жақында Сарыағаш айналма жолының құрылысы мен «Жезқазған – Қарағанды» автожолын жөндеу жұмыстары басталған. Сонымен қатар тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар және инженерлік желілер салынуда.
– Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналып келеді. Бұл – еліміздің жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

«Арал–Каспий магистралі» қалыптасады
Президент ұзындығы 800 шақырым болатын «Бейнеу – Сексеуіл» жаңа автожолына ерекше тоқталды. Оның пікірінше, бұл бағыт республикалық қана емес, халықаралық маңызы бар көлік дәлізіне айналады.
Сондықтан Мемлекет басшысы жаңа бағытты «Арал–Каспий магистралі» деп атауды ұсынды.
Жоба іске асқаннан кейін Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының қашықтығы шамамен мың шақырымға қысқарып, жеткізу мерзімі үш тәулікке дейін азаяды. Сонымен қатар Қытай шекарасындағы өткізу бекеттері Ақтау және Құрық теңіз порттарымен тікелей байланысады.

10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады
Президент жалпы ұзындығы 774 шақырымды құрайтын «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» автожолдарын қайта жаңғырту жұмыстары да басталғанын айтты.
Бұл жобаларды отандық компаниялар жүзеге асырады. Құрылыс барысында 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Жолдар толық пайдалануға берілген соң жүк тасымалының көлемі 2,5 есеге артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді деп күтіледі.
Президенттің айтуынша, бұл жобалар ел экономикасының дамуына, өңіраралық байланыстың нығаюына және туризмнің өркендеуіне оң ықпал етеді.
Жобалар 2029 жылға дейін аяқталуы тиіс
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа көлік бағыттары Қазақстанның шығыс-батыс бағытындағы логистикалық әлеуетін айтарлықтай күшейтетінін атап өтті. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін тұйық бағыт саналып келген Арал маңы Еуразияның негізгі көлік дәліздерінің бір бөлігіне айналады.
Президент барлық құрылыс жұмыстарын 2029 жылдан кешіктірмей аяқтауды тапсырды.
Телекөпір барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров және Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жобалардың іске қосылуына дайындық жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев өңір тұрғындарының атынан Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.