KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

“Әр қазақтың қожайыны – орыс” деген әйелді Мейірман Шекеев тексеруді талап етті

• Айжан Сыланова
Коллаж Алаш

Әлеуметтік желіде өзін Ольга Мұхамеджанова деп таныстырған Екібастұз тұрғынының бейнежазбасы таралып, қоғамда қызу талқылауға ұласты, деп хабарлайды kznews.kz.

Желіде тараған бейнежазбада әйел Ресей президенті Владимир Путинге үндеу жасап, Қазақстан аумағына әскер кіргізуге шақырған. Ол мұндай әрекет «әр қазақ өзінің қожайыны – орыс екенін білуі үшін» қажет екенін айтқан. Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының дауыс беру құқығына қатысты даулы пікір білдіріп, «Ресей бұл қалаларды қайтарып алады» деген мазмұнда мәлімдеме жасаған.

Аталған бейнежазбаға қатысты белгілі заңгер Мейірман Шекеев пікір білдіріп, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Павлодар облыстық полиция департаментіне үндеу жасады. Оның айтуынша, видеода айтылған сөздерге құқықтық баға беріліп, әйелдің жеке басы анықталуы керек.

Заңгер әлеуметтік желідегі парақшасында бұл мәселеге қатысты азаматтардан көптеген хабарлама алғанын жазған.

«Осы бейнежазбада айтылған сөздерге байланысты маған көптеген азаматтар жазып жатыр. Меніңше, бұл әлеуметтік желідегі жай ғана пікір емес. Мұндай мәлімдемелерге құзырлы органдармен бейнедегі азаматтың жеке басы анықталып, құқықтық баға берілуі қажет деп санаймын», – деді ол.

Мейірман Шекеев құзырлы органдарға бейнематериалды тексеріп, онда заң бұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтауды ұсынды. Атап айтқанда, ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша ұлттық, этностық және өзге де алауыздықты қоздыру белгілерін, сондай-ақ 180-бап бойынша сепаратистік әрекет белгілерін тексеру қажеттігін атап өтті.

«Ол үшін филологиялық-лингвистикалық сараптама тағайындалуы тиіс. Мен ешкімді алдын ала кінәлі деп отырған жоқпын. Бірақ заң бұзушылық белгілері болса, оған көз жұма қарауға болмайды», – деп жазды заңгер.

Оның пікірінше, елдің бірлігі мен қоғамдық тыныштығына қауіп төндіруі мүмкін кез келген әрекет заң аясында тексеріліп, тиісті құқықтық шешім қабылдануы қажет.

«Еліміздің бірлігімен тыныштығына қауіп төндіретін кез келген әрекет заң аясында тексеріліп, тиісті жазасы берілуі керек деп есептеймін. Заң – бәріне ортақ! Елдің тыныштығы – бәрімізге артылған ортақ жауапкершілік!» – деді Мейірман Шекеев.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →