Оқиға 21 тамыз күні тіркелген. Аттракционға мінген сәтте баланың қолы қозғалыстағы механизмге қысылып, нәтижесінде оның бір саусағы түгелдей үзіліп кеткен. Қыз бала шұғыл түрде облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілгенімен, дәрігерлер саусақты сақтап қала алмады.
Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының травматологы Қуантай Махамбетовтің айтуынша:
«Жарақаттық ампутация болды. Саусақ қатты зақымданып, бұралып кеткен. Әкелінген саусақты қайта тігу мүмкін болмады. Біз хирургиялық өңдеу мен таңу жұмыстарын жүргіздік», – деді ол.
Жараланған қыздың анасы оқиғаның мән-жайын айтып берді. Оның сөзінше, олар Қобда ауданынан Ақтөбеге мектепке қажетті заттар алу үшін келген. Балалар ересектердің қарауынсыз ойнап жүрген кезде қайғылы жағдай орын алған.
«Аттракционның төменгі жағында ашық механизм тұрған. Қызым соған қолын тигізгенде, саусағы қысылып қалды. Қауіпсіздік шаралары мүлде сақталмаған, ал механизм балалардың қолы жететіндей төменде орналасқан. Енді біз мүгедектік рәсімдеуге мәжбүрміз», – дейді баланың анасы.
Қазір бүлдіршін дәрігерлердің бақылауында. Ал ата-анасы ойын-сауық орталығының иесін сотқа беріп, моральдық әрі материалдық өтемақы талап етуге ниетті.
Ақтөбе облыстық полициясы аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды не қызметтерді орындау» бабымен тергеу басталғанын мәлімдеді.