KZNews.kz
Әлем

Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған бортсерік кәсіби қызметін жалғастырды

Torgyn Abushakhman

Ақтау маңында болған AZAL әуе компаниясының ұшақ апатынан кейін бір жыл өткен соң, қайғылы оқиғадан аман қалған бортсерік Айдан Рагимли қайтадан өз қызметіне оралды, деп хабарлайды kznews.kz.

Қазіргі таңда Айдан Рагимли әуе компаниясындағы жұмысын бұрынғыдай кәсіби деңгейде әрі үлкен жауапкершілікпен атқарып жүр. Бұл жөнінде AZAL әуе компаниясының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланған видеода айтылды.

Бейнеролик сипаттамасында бортсеріктің бастан кешкен ауыр сынаққа қарамастан, өмірге деген сенімін жоғалтпағаны атап өтіледі.

«Кейде сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес, бірақ өмір жолы жалғаса береді. J2-8243 Баку–Грозный рейсі Айдан Рагимлидің өмірінде мәңгілікке сақталатын ерекше сәт болды. Бүгінде ол өткенін жүрегінде сақтай отырып, өмірдің жалғасатынын түсініп, өз жұмысын бұрынғыдай мұқият әрі жауапкершілікпен атқаруға кірісті», – делінген видеода.

Еске салайық, әуе апаты 2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау қаласы маңында орын алған. AZAL әуе компаниясының Баку–Грозный бағытындағы жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, бортта болған 67 адамның 38-і қаза тапты. Қайғылы оқиғадан 29 жолаушы, оның ішінде экипаж мүшелері аман қалған еді.

Айдан Рагимлидің қызметіне қайта оралуы – тек кәсіби шеберліктің ғана емес, сонымен қатар адам рухының мықтылығы мен өмірге деген жігердің айқын көрінісі болды.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары