Әлемге әйгілі актер әрі каскадер Джеки Чан Қазақстанға сапары аясында Ақтау қаласындағы сауда орталықтарының бірінде көзге түсіп, тұрғындардың ерекше ықыласына бөленді, деп хабарлайды kznews.kz.
Куәгерлердің айтуынша, Голливуд жұлдызы алғашында сауда орталығын ешқандай әбігерсіз аралап, дүкендерді тамашалаған. Біраз уақыттан кейін келушілер оны танып қалып, суретке түсіп, амандасуға асыққан. Джеки Чан жанкүйерлерінің өтініштерін қабыл алып, ешқайсысының көңілін қалдырмай, барлығымен жылы жүздесіп, естелік суретке түскен.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалар мен фотолар көпшіліктің қызу талқысына түсті. Желі қолданушылары әлемдік деңгейдегі актердің қарапайымдылығы, ашық мінезі және жанкүйерлеріне деген құрметін жоғары бағалап, оның ешқандай артық салтанатсыз, еркін жүргеніне тәнті болғандарын жазды. Көпшілік мұндай деңгейдегі кино жұлдызын жақыннан көрудің өзі ерекше әсер сыйлағанын айтты.
Еске салайық, Джеки Чан Ақтауға жаңа «Құдайдың сауыт-сайманы 4: Ультиматум» (Armour of God 4: Ultimatum) фильмінің түсіріліміне қатысу үшін келген. Бұған дейін түсірілім жұмыстары Маңғыстау облысының бірнеше көрікті жерінде жүргізіліп жатқаны хабарланған еді. Әлемге танымал актердің Қазақстанға келуі өңір тұрғындары мен киносүйер қауым арасында үлкен қызығушылық тудырды.