Ақтауда әлемге танымал актер әрі жекпе-жек шебері Джеки Чан мен ресейлік рэп орындаушысы MiyaGI-дің кездесуі әлеуметтік желі қолданушыларының ерекше қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Желіде тараған бейнежазбалардан қос өнер иесінің еркін әңгімелесіп, бірге уақыт өткізгенін көруге болады. Кадрларда Джеки Чан MiyaGI-дің танымал әндеріне қосылып айтып, орындаушымен бірге билеп, естелік суретке де түскен.
Әсіресе, актердің MiyaGI шығармашылығымен жақсы таныс екені желі қолданушыларын таңғалдырды. Көпшілік Джеки Чанның ән мәтіндерін жатқа айтып, композицияларды ерекше ықыласпен орындағанына назар аударды.
Желіде жарияланған бейнежазбалар қысқа уақыт ішінде мыңдаған қаралым жинап, қызу пікірталасқа себеп болды. Бірі екі танымал тұлғаның кездесуі күтпеген әрі әсерлі болғанын жазса, енді бірі Джеки Чанның MiyaGI әндерін білуі ерекше таңданыс тудырғанын айтты.
Әзірге Джеки Чан мен MiyaGI-дің Ақтауда қандай шара аясында кездескені немесе олардың бірлескен жобасы бар-жоғы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Соған қарамастан, қос жұлдыздың бірге түскен видеолары әлеуметтік желіде кеңінен тарап, жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылыққа ие болды.