8 тамыз – Әзербайжанның Ұлттық қаһарманы, AZAL әуе компаниясының бортсерігі Хөкүма Әлиеваның туған күні. Ол тірі болғанда биыл 35 жасқа толар еді, деп хабарлайды kznews.kz.
Хөкүма Жәлилқызы Әлиева 1991 жылғы 8 тамызда Әзербайжанның Келбаджар ауданындағы Сусузлуг ауылында дүниеге келген.
1996 жылы ол отбасымен бірге Ресейге қоныс аударып, біраз уақыт Волгоград облысында тұрған. Хөкүма сол жақта бастауыш білім алып, кейін отбасы Гәнжә қаласына көшкен соң оқуын Әзербайжанда жалғастырды.
Гәнжә қаласындағы В.Вейсалов атындағы №30 орта мектепті аяқтаған Хөкүма жоғары оқу орнына түсу емтиханында 612 балл жинап, Баку мемлекеттік университетінің заң факультетіне қабылданған. Кейін білімін магистратура және докторантура деңгейінде жалғастырды.
2016 жылдан бастап Хөкүма Әлиева Azerbaijan Airlines компаниясында еңбек ете бастады. Алғашында аудармашы болып жұмыс істеген ол кейін бортсерік қызметіне ауысты.
Хөкүма Әлиеваның есімі 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында болған қайғылы әуе апатынан кейін көпшілікке кеңінен танылды. Сол күні Бакуден Грозныйға J2-8243 рейсімен ұшқан Azerbaijan Airlines компаниясының Embraer 190 ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалды.
Хөкүма Әлиева да апаттан қаза тапқан экипаж мүшелерінің қатарында болды. Ол төтенше жағдай кезінде соңғы сәтке дейін жолаушыларды сабырға шақырып, өз міндетін атқарған.
Оның жолаушыларға айтқан «Бәрі жақсы болады» деген сөзі апаттан кейін ерлік пен үміттің символына айналып, көпшіліктің жадында қалды.
2024 жылғы 29 желтоқсанда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиеваның жарлығымен Хөкүма Әлиева қызметтік міндетін орындау кезінде көрсеткен жоғары кәсібилігі, батылдығы мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін «Әзербайжанның Ұлттық қаһарманы» атағымен марапатталды.
Хөкүма Әлиеваның өмір жолы қысқа болғанымен, оның әуе апаты кезіндегі ерлігі мен жолаушыларға деген қамқорлығы ел жадында сақталып қалды.