Әзірбайжан мен Ресей 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағына қатысты мәселені реттеу жөнінде уағдаластыққа келді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл туралы екі елдің сыртқы істер министрліктері бірлескен мәлімдеме таратты. Құжатта тараптардың әуе апатының салдарын толық реттеу, оның ішінде өтемақы төлеу мәселесі бойынша ортақ шешім қабылдағаны айтылған.
Мәлімдемеге сәйкес, келісімге 2025 жылғы 9 қазанда Душанбеде Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі кезінде қол жеткізілген.
Құжатта ұшақтың Ресей әуе кеңістігінде әуе қорғаныс жүйесінің абайсыз әрекеті салдарынан зақымданғаны көрсетілген. Тараптар бұл шешім екі ел арасындағы ынтымақтастықты сақтауға және өзара қарым-қатынасты одан әрі дамытуға бағытталғанын атап өтті.
Сондай-ақ Әзірбайжан мен Ресей сыртқы істер министрліктері екіжақты байланыстар өзара құрмет, сенім және ортақ мүдделер негізінде нығая беретініне сенім білдірді.
"Қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына тағы да қайғырып көңіл айтамыз", – делінген бірлескен мәлімдемеде.
Еске салайық, бұған дейін Душанбеде өткен кездесуде Владимир Путин Ильхам Әлиевке апатқа қатысты өз түсіндірмесін берген еді. Ресей президентінің айтуынша, сол күні Грозный аспанында украиналық дрон болған. Путин ұшақ әуе қорғаныс зымыранының тікелей соққысынан емес, жарылыс кезінде шашыраған сынықтардан зақымданғанын мәлімдеген.
Осылайша, Ақтау маңындағы қайғылы әуе апатына қатысты мәселе дипломатиялық деңгейде реттеліп, тараптар өтемақы төлеу және оқиғаның салдарын жабу бойынша келісімге келді.