Жүргізуші куәлігі жемқорлықтың жүйелі жолына айналды ма?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

АҚШ Иранға 15 тармақтан тұратын бейбіт жоспар ұсынды

АҚШ Иранға 15 тармақтан тұратын бейбіт жоспар ұсынды
Фото Depositphotos.com

АҚШ Иранға 15 тармақтан тұратын бейбіт жоспар ұсынды. Делдал ел Пәкістан бұл жобаны Иранға жеткізген, деп жазады New York Times инсайдерлерге сілтеме жасап, деп хабарлайды kznews.kz.

Атысты тоқтатудың негізгі шарты – Иранның уранды байытуды толық тоқтатуға міндеттеме алуы. Ел Натанз, Исфахан және Фордо сияқты маңызды ядролық нысандарды пайдаланудан шығаруы тиіс. Байытылған уран қоры Халықаралық атом энергиясы агенттігіне (МАГАТЭ) тапсырылуы қажет. Сондай-ақ Иран Таяу Шығыс бойынша террористік топтармен байланысын үзуі тиіс.

Израильдің N12 телеарнасы да Иран ешқашан ядролық қару жасауға ұмтылмайтынына келісуі керек екенін хабарлайды. Сонымен қатар, Ормуз бұғазында еркін кеме қатынасы қамтамасыз етілуі тиіс.

Дереккөздердің мәліметінше, АҚШ бұл жоспарды бір ай ішінде талқылауды ұсынған. Axios басылымы АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф Дональд Трампқа Иран тарапы кейбір негізгі тармақтар бойынша келісім бергенін хабарлағанын жазады. Атап айтқанда, олар байытылған уран қорынан бас тартуға дайын.

Ал Wall Street Journal Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының жауабы туралы хабарлап, онда Вашингтон үшін қабылдауға қиын болатын бірқатар талаптар бар екенін айтады. Олардың қатарында Парсы шығанағы маңындағы барлық америкалық әскери базаларды шығару және Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден ақы алуға мүмкіндік беретін жаңа жүйе құру талаптары бар. Бұдан бөлек, ирандық әскерлердің өкілі АҚШ жоспарын келемеждеп, америкалықтар өздерімен өздері келіссөз жүргізіп жатыр деп мәлімдеген.

Халықаралық атом энергиясы агенттігінің бас директоры Рафаэль Гросси АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер демалыс күндері, 29 наурызда Пәкістанның Исламабад қаласында өтуі мүмкін екенін айтты.

«Менің ойымша, келіссөздер осы демалыс күндері Пәкістанның Исламабад қаласында өтуі мүмкін. Олар кеңірек сипатта болып, тек ядролық энергетика мәселесін ғана қамтымайды деп болжаймын. Бұл жолы күн тәртібінде зымырандар, ислам республикасының одақтас жасақтары және Иранға қауіпсіздік кепілдіктері де болады», – деді Гросси италиялық Corriere della Sera газетіне берген сұхбатында.

Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс 28 ақпанда басталды. Сол күні АҚШ пен Израиль Иранға билікті ауыстыру мақсатында соққы жасаған. Соның салдарынан Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи және басқа да жоғары лауазымды әскерилер мен шенеуніктер қаза тапқан. Бұған жауап ретінде Иран Израильге және АҚШ-тың БАӘ, Бахрейн, Катар, Иордания және Кувейттегі әскери базаларына шабуыл жасаған.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі