KZNEWS.KZ
Спорт

Амангелді Сейітханның өліміне не себеп болды – Аслан Қаженов шындықты айтты

• Азамат Қойшығара
Aladop.kz

Спорт журналисі Аслан Қаженов белгілі комментатор Амангелді Сейітханның өмірінің соңғы жылдарында қызметте түрлі кедергіге тап болғанын айтып, оның қайтыс болуына қатысты өз пікірін білдірді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды kznews.kz

Аслан Қаженов әріптесінің тікелей эфирден шеттетіліп, спорттық жарыстарға комментатор ретінде қатысуына кедергі жасалғанын мәлімдеді.

– Мәселен, ағамыз 2016-2017 жылдарға дейін микрофон ұстап, бізбен бірге «поляда» жүрді. Оны қызметте өсірмеу туралы тікелей бұйрық болды. Шетелдегі спорттық шараларға баруына мүмкіндік бермеді, – деп жазды журналист.

Оның сөзінше, осы жағдайлардан кейін Амангелді Сейітхан уақытша жұмыстан шығып, федерация немесе министрлік арқылы шетелдегі спорттық іс-шараларға қатысуға мәжбүр болған.

Сондай-ақ Аслан Қаженов белгілі комментатор редактор болып қызмет атқарған кезде оның мәтіндерді өзгертуіне, тіпті эфирге шығатын материалдарға араласуына шектеу қойылғанын жеткізді.

Журналист мұндай жағдайлардың Амангелді Сейітханға моральдық тұрғыдан ауыр тигенін айтады. Оның пікірінше, әріптесі басынан өткен қиындықтарды көпшілікке ашық айтпай, ішінде сақтаған.

– Ағамыздың кемшілігі – соның бәрін ішінде сақтады. Ашық айтпады. Шерін тарқатпады. Соңында қайтыс болуына да сол түрткі деп ойлаймын, – деді Аслан Қаженов.

Ол пандемия кезінде бұрыннан жиналған күйзеліс денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін деген болжамын да білдірді. Дегенмен бұл – журналистің жеке пікірі, Амангелді Сейітханның өліміне аталған жағдайлардың тікелей әсер еткені медициналық тұрғыдан расталған жоқ.

Аслан Қаженов әріптесінің қазақ спорт журналистикасындағы орны ерекше екенін атап өтті.

– Қалай болғанда да, Амангелді Сейітхан өз биігінде қалды. Оның есімін де, еңбегін де көпшілік жақсы біледі. Біз тұрғанда насихаттала береді де, – деп түйіндеді ол.

Азамат Қойшығара
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда т...
Автордың басқа материалдары →