«Судья болуды армандады»: Көкшетауда сот қызметкері жұмбақ жағдайда қайтыс болды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Алматының болашағы қандай болады? Дархан Сатыбалды негізгі жобаларды атады

Алматының болашағы қандай болады? Дархан Сатыбалды негізгі жобаларды атады
Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Aqshamnews.kz порталында Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалдының қаланың даму бағытына арналған кең көлемді мақаласы жарияланды.

Алматының беделді халықаралық рейтингтерде жоғары орындардан көрінуі кездейсоқтық емес. Оның артында қаланың экономикалық қуаты, адами капиталы, іскерлік ортасы, инвестициялық тартымдылығы және өмір сүру әлеуеті тұр. Бұл туралы Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың даму бағытына арналған мақаласында жазды, деп хабарлайды kznews.kz

Бүгінде экономикасының көлемі 72 миллиард долларға жуықтаған Алматы – Қазақстанның ең ірі экономикалық орталығы. Қала елдегі жалпы өнімнің төрттен біріне жуығын өндіреді, ал мемлекеттік бюджет кірістерінің үштен бірі осы мегаполистің экономикалық белсенділігі есебінен қалыптасады. Қазақстанға тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы да Алматыға тиесілі.

Әкімнің айтуынша, экономикалық өсім тұрғындардың күнделікті тұрмысынан көрінуі керек. Сондықтан қаланың басты мақсаты – аумағын кеңейту ғана емес, халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Көлік кептелісі, инженерлік желілердің тозуы, ауа сапасы, мектептер мен балабақшаларға сұраныс секілді мәселелер жүйелі түрде шешілуге тиіс.

Алматының болашақ дамуы полицентрлік модельге негізделмек. Яғни барлық іскерлік, әкімшілік және қоғамдық өмірді бір орталыққа шоғырландырмай, қаланың әр бөлігінде дербес орталықтар қалыптастыру көзделген. 2030 жылға дейін «Шығыс қақпасы» және Сайран көлінің шығыс бөлігіндегі Almaty Downtown полицентрлерін құру жоспарланып отыр. Кейін бұл жүйеге «Батыс қақпасы», Оңтүстік-батыс және Солтүстік полицентрлері қосылады.

Жаңа аудандар Mixed-Use және «15 минуттық қала» қағидаттары бойынша дамытылады. Тұрғындар үйіне жақын жерден жұмыс, білім беру, медицина, сауда, демалыс және қызмет көрсету орындарын табуы керек. Мұндай тәсіл жолға кететін уақытты азайтып, көлік жүйесіне түсетін салмақты төмендетеді.

Қоғамдық көлік те кешенді түрде жаңғыртылады. Метро желісін «Барлық» көлік торабына дейін 5,3 шақырымға ұзарту және үш станция салу жоспарланған. Шығыс бағыттағы желі әуежайға дейін жалғасып, ұзындығы шамамен 14 шақырым болатын сегіз станцияны қамтымақ. Бұған қоса, 18,3 шақырымдық ЛРТ желісі мен эстакада үстімен жүретін, жалпы ұзындығы 42 шақырымдық Sky Train жүйесі қарастырылып жатыр.

Туризм саласында Алматы тау кластерін дамытуға басымдық берілмек. Жоба Шымбұлақ, Кимасар, Бутаковка және басқа туристік нысандарды бір жүйеге біріктіруді көздейді. 2025 жылы қалаға шамамен 2,5 миллион турист келсе, оның 750 мыңнан астамын шетелдік қонақтар құраған. 2030 жылға қарай шетелдік туристер санын 1,7 миллионға, 2050 жылы 4 миллионға жеткізу жоспарланған.

Қаланың тарихи мұрасы да туристік әлеуеттің маңызды бөлігіне айналмақ. «Сақ қорғандары» аумағында рекреациялық парк құру, Боралдайдан Есікке дейінгі көне қорғандарды, Жібек жолының ізін және сәулет нысандарын байланыстыратын тарихи-туристік кеңістік қалыптастыру ұсынылып отыр.

Экология мен коммуналдық инфрақұрылымға да ерекше назар аударылады. «Қала-Сорғыш» тұжырымдамасы арқылы жауын-шашын мен еріген қар суын табиғи жолмен басқару жоспарланған. Алғашқы пилоттық жоба Алатау ауданындағы Бент көлдері аумағында жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ жаңа су тарту нысандарын іске қосу, желілерді жаңғырту, суды үнемдеу және қайта пайдалану технологияларын енгізу көзделеді.

Әлеуметтік инфрақұрылым да кеңейеді. 2030 жылға дейін 32 жаңа медициналық нысан салынып, 14 мекеме жаңғыртылады. Сонымен бірге тағы 69 мектеп салу жоспарланған. Қазір «Келешек мектептері» жобасы аясында 34 800 орынға арналған 21 мектеп іске қосылған.

«Шығыс қақпасы» аумағында UEFA Category 4 талаптарына сай, 45 мың көрерменге арналған жаңа стадион бой көтермек. Ал 2029 жылы Алматы Қысқы Азия ойындарын екінші рет қабылдайды.

Дархан Сатыбалдының пікірінше, Алматының келешегі құрылыстың көлемімен емес, тұрғындардың қауіпсіздігі, жайлылығы және мүмкіндіктерімен өлшенуге тиіс. Негізгі міндет – келер ұрпаққа экономикалық тұрғыдан қуатты, экологиялық таза әрі адам өміріне қолайлы қала қалдыру.

Автор
Асқар Алтайұлы

Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.