KZNews.kz
Жаңалықтар

Алматыда университетте студент пышақпен шабуыл жасаған оқытушы қызметіне оралды

Жарқын Омаров
Фото Depositphotos.com

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде студент пышақпен шабуыл жасаған оқытушы қайтадан қызметіне кіріскенін туралы мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған бейресми ақпаратқа сәйкес, оқиға ALT University аумағында бағаға қатысты келіспеушіліктен туындаған. Алайда кейбір желі қолданушылары шабуыл жасаған студенттің өзге кафедрада білім алатынын және аталған оқытушымен сабақ барысында байланысы болмағанын алға тартып отыр.

Вице-министр бұл жағдайды мүлде жол беруге болмайтын оқиға деп бағалады.

«Мұндай әрекеттерге ешқандай жағдайда жол берілмеуі тиіс. Өйткені бұл білім беру мекемесі. Аталған оқиғада студент пен оқытушы арасында жеке сипаттағы жағдай болған. Біздің деректерге сүйенсек, сол жерде болған адамдар дер кезінде дұрыс қимылдаған. Қазіргі таңда оқытушы қайтадан жұмысын жалғастырып жатыр», - деді Гүлзат Көбенова Сенатта өткен брифинг барысында.

Шабуыл жасаған студенттің оқудан шығарылуы мүмкін бе деген сауалға вице-министр нақты жауап бермеді. Оның айтуынша, бұл мәселе тергеу аяқталғаннан кейін қарастырылуы ықтимал.

Сонымен қатар Қазақстандағы өзге жоғары оқу орындарының басшыларымен профилактикалық әңгіме жүргізілген. Ғылым министрлігі тәрбие жұмысына жауапты проректорлармен апта сайын кездесулер өткізіп келеді. Қауіпсіздік мәселесі де алдағы уақытта назарға алынбақ.

Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті жедел түрде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары