Ішкі істер министрлігі тергеу 29 қыркүйекте Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі, яғни ауырлататын мән-жайларда адам өлтіру дерегі бойынша аяқталғанын растаған.
Ведомство тергеу құпиясына байланысты істің өзге егжей-тегжейін жарияламаған.
Оқиға 23 маусымда Алматы облысының таулы аймағында, Көкпек – Көктал – Кеген автожолының 52-шақырымында болған. Сол жерден малшы өртенген адамның денесін тауып алған.
Кейін марқұмның Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Аслан Әлсеров екені анықталған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыс Алматыдағы отбасының пәтерінде жасалған. Кейін ізді жасыру үшін мәйітті шамамен 300 шақырым жердегі таулы аймаққа жеткізіп, өртеп жіберген деген болжам бар.
Іс бойынша марқұмның әйелі мен 14 жастағы ұлы күдікке ілінген. Жарияланған мәліметтерде әйелдің бұған дейін полиция қызметінде болғаны айтылады.